Осы сауалды біз облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспанға қойған едік...
– 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап Атырау облысының ішкі нарығында сұйытылған мұнай газының өсімі жоспарланды, - дейді Жантас Қадырбайұлы. – Жоспарлы бағалар Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында жарияланып тұр. Бұйрық жобасына сәйкес сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін (58 163,84 теңге) көтеріледі. Бұл ретте өңірлер бойынша сұйытылған мұнай-газдың шекті бөлшек сауда бағалары, яғни автогаз құю бекеттерінде сату бағалары белгіленген. Өңірлермен салыстырмалы кестеде көрсетілгендей, газдың ең үлкен жоспарлы өсімі литріне 107 теңге көлемінде белгіленген. Соның ішінде, Атырау қаласы және облыс орталығынан 200 шақырымға дейін орналасқан елді мекендердегі автогаз құю бекеттерінде қолданыстағы литріне 59 теңгеден 77 теңгеге, ал, 200 шақырымнан асқан елді мекендердегі автогаз құю бекеттерінде қолданыстағы шикізат литріне 64 теңгеден 82 теңгеге дейінгі өсімі жоспарланды.
Мұнай-газ бағасының өсу себептері: елімізде сұйытылған газдың бағасы өндірістің нақты құнына байланысты. Яғни, сұйытылған мұнай газын өндірушілер шығындарының өсуіне байланысты жүргізілуде. Мәселен, сұйытылған газ өндірісінің қазіргі құны тоннасына 65-тен 75 мың теңгеге дейін құраса, ал, өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына қазіргі уақытта 45 158 теңге деңгейінде белгіленген. Сонымен бірге, еліміздегі газ бағасы көршілес елдермен салыстырғанда ең төмен бағалардың бірі болып табылады.
Сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі 2022 жылы 1,8 млн.тонна болса, 2024 жылы 2,4 млн. тоннаға дейінгі өсуі байқалды. Сонымен қатар, сарапшылардың болжамы бойынша 2025 жылы ішкі нарықтағы қажеттілік көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, осылайша, газ тапшылығы 30-40% белгісінен асып түседі. Осының салдарынан өндіруші зауыттарда жыл сайынғы жоспарлы жөндеулерді жаңғырту және жүргізу үшін қаражат тапшылығы жинақталуда. Осылайша, елдегі газ тұрақтылығын сақтау және мұнай өңдеу саласын жаңғыртуды ынталандыруға бағытталады.
Тұтынудың тұрақты өсуі сұйытылған мұнай газын газ-мотор отыны ретінде пайдаланатын автомобильдердің көбеюіне байланысты. Облыс бойынша 2023 жылы газбен жүретін автокөліктердің саны 16 мыңға жуық болса, 2024 жылғы ресми тіркелген мәлімет бойынша 23 мыңға жуықтады. Анықтама үшін айта кетсек, Атырау облысының ішкі нарықтағы сұйық мұнай газының ай сайынғы қажеттілігі 12-13 мың тоннаны (орташа 20 400 литр) құрап отыр.
ҚР Энергетика министрлігінен 2025 жылдың қаңтар айына 8327 тонна негізгі көлем бөлініп, сұранысқа сәйкес 3864 тонна қосымша тағы бөлінді. Ал, Атырау облысының ішкі нарығына 2025 жылдың ақпан айына 7290 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінді. Сонымен қатар, ішкі нарықтағы газ қажеттілігін қамтамасыз ету үшін министрліктен қосымша 3000 тонна сұйытылған мұнай газы сұратылатын болады. Облыс бойынша 101 газ құю бекеттеріне сұйытылған мұнай газының аталған көлемі таратылуда.
Айта кетейік, газ құю бекеттерінде сұйытылған мұнай газы 59 теңге мен 82 теңге аралығында сатылуда.
Әділет АМАНГЕЛДІ
Айбар ОЛЖАЕВ,
сарапшы:
– Биыл мұнай халықтың басты асыраушысы мәртебесінен айырылуы мүмкін. Бұл – нарық туындатқан қажеттілік. 2024 жылы Ұлттық қорға мұнайдан 3,86 трлн. теңге табыс келген. Дәл осы кезде Ұлттық қор активтерін инвестициялаудан, яғни облигациялар пайызынан 5 трлн. теңге кіріс түсті. Мұнай емес, пайыздардан көп табыс тауып отырмыз. Мұнай былтыр қазіргі курспен 7,3 млрд. доллар алып келді. Мұнай бағасы барреліне 100 доллар шамасында шарықтап тұрған, өндіріс мықты болған 2010-2013 жылдары біз «қара алтыннан» жылына 22 млрд. доллар түсіретінбіз. Қазір 7 млрд. долларға қуанатын болдық. Ал, келесі жылы мұнай бағасына деген болжам одан да төмен. Сондықтан мұнай локомотив болудан қалатын сияқты. Инвестициялық табыс – 9,5 млрд. доллар. Егер осы мүмкіндігімізді пайдаланып, барлық фокусты инвестициялық стратегияға бағыттасақ, тұрақты және тиімді табыс көзіне жететін секілдіміз.
Бүгінде Қазақстаннан көрші елдерге заңсыз тасылатын жанар-жағармайдың ай сайынғы көлемі 45 мың тоннаға жетті. Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздігімізге ауыр соққы болуда. Мемлекет мәжбүрлегендіктен мұнай өңдеу зауыттары бензин мен дизельді тиімсіз бағамен босатып, ішкі нарықтан шығын шегіп жатса, арадағы көрші елдің делдалдары заңсыз пайдаға кенелуде. Оларды шекарада тексеру, басқа да шаралар өзінің тиімділігін көрсете алмады. Сондықтан Энергетика министрлігі нарықты либеризациялау және жанармай бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартқысы келіп отыр.
2024 жылдың он айында автобензин қоры 453-тен 295 мың тоннаға дейін, дизель отыны 554-тен 279 мың тоннаға дейін төмендеді. Бұл ретте бензинді айлық тұтыну шамамен 425 мың тоннаны, дизель отынын тұтыну 467 мың тоннаны құрайды. 2024 жылдың қарашасында Үкімет Ресеймен мұнай өнімдерін бажсыз жеткізу туралы келісімді қайта бастауға мәжбүр болды.
Сонымен қатар, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары өндірістің өсуін көрсетуде: 2024 жылдың 11 айында бензин өндірісі 2,1%-ға артып, 4,88 млн. тоннаға, дизель отыны 4,3%-ға артып, 4,9 млн. тоннаны құрады. Алайда, бұл көлемнің өзі контрабанда ауқымын есептегенде жеткіліксіз болып шығады.
Заңсыз отын шығарудың негізгі себебі — бағаның айтарлықтай айырмашылығы. 2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда бір литр АИ-92 бензинінің құны – 205 теңге, Ресейде 282 теңге, Қырғызстанда – 381 теңге, Өзбекстанда 493 теңге болды. Дизель бағасы Қазақстанда 295 теңге, көрші елдерде – 350-550 теңге. Бағаны көршілермен теңестіру контрабанданы экономикалық тұрғыдан тиімсіз етпек. Демек, Өзбекстанға жеткізілім маржаның төмендеуіне байланысты азаяды. Ал, Қырғызстан «сұр» импорттың тұтынушысы болып қала берсе де, басқа бағыттардағы заңсыз ағындардың азаюы құқық қорғау органдарына шекараның осы бөлігінде күш-жігерін шоғырландыруға мүмкіндік береді. Осылайша, жанармай нарығын тұрақтандыру немесе либелиризациялау отын контрабандасына қарсы күрестің ең тиімді механизмі болып отыр. Ішкі бағаның көтерілетіні түсінікті. Бірақ елдің энергетикалық қауіпсіздігін ұмытпау керекпіз.