Апта басы аудан тұрғындары үшін жағымды жаңалықпен басталды. Қанша жылдан бері тұрмыс тауқыметін көріп келген, әлеуметтік жағдайы төмен, тоғыз баласы бар Раджаповтар отбасы баспаналы болды. Бұл қайырымды іске қол ұшын созған елімізге белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева құрған «AidynNury» қайырымдылық қоры.
Раджапов Мұхамидин және жары Балбөпе Нұғыманова Қарақалпақстан Республикасы Нөкіс қаласында дүниеге келген. 1996 жылы отау құрған екеу туған жерге оралуды мақсат етіп, 2003 жылы көші-қон үрдісімен ата-жұртқа оралады. Бұл отбасының Доссор кентіне қоныс аударып, елге оралғандарына биыл тура он сегіз жыл толған екен. Бұл отбасында Аманжол, Рахат, Әсия, Нұрайым, Рамазан, Нұртас, Айбарбек және Жандарбек есімді егіздер, кенжесі Ибрагим тәрбиеленуде. Десе де, тағдырдың сыйы бала деп жүргенінде бір емес, екі баласы мүмкіндігі шектеулі болып жаратылған.
Дүйсенбі күні «AidynNury» қайырымдылық қорының президенті Мөлдір Әшімханқызы бастаған қор мүшелері келіп, баспана кілтін салтанатты түрде табыс етті. Қызыл лентаны Мөлдір Әшімханқызы және бұл отбасының үйлі болуына себепкер болған Атырау облыстық мәслихат депутаты, облыстық Азаматтық Альянс президенті Әлібек Семғалиев қиды. Сондай-ақ, үйдің кілтін ресми түрде тапсыру сәтіндегі қуаныштарына ортақтасуға Доссор орталық мешітінің бас имамы Елдос Мүсілімұлы да арнайы келіп, қоныс иелерін құттықтады. Қызыл лента қиылғанан кейін тәттіден шашу шашылып, балаларды ерекше қуантты.
Әрине, үй кез келген адамға берілмейді. Қордың баспана беруінің де өзіндік тәртіптері бар. Жеке бастарында пәтерлері жоқ жандардың бәрі базадан зерттеліп, зерделеніп, комиссия арқылы шешіледі. Елге оралғалы бері баспанасыз болған Раджаповтар отбасының үйлі болуына жергілікті «Айналайын, баладан!» қоғамдық қорының жетекшісі Эльмира Мусинаның өз үлесі бар. Бұл отбасының жағдайын көзбен көрген Эльмира қорға өзі хабарласып, көмек сұраған екен.
«Кезекті қайырымдылық шарамызды жасап жүргенде бұл отбасымен кезіккен болатынмын. Екі бөлмелі үйінің жағдайын көріп, бұл отбасының үйлі болуына өз үлесімді қосқым келді. Отбасының атағында үй жоқ болғанымен, әкімшілік берген уақытша үйде тұрып келген екен. Кейін әлеуметтік жағдайын зерттеп, зерделеп, Азаматтық Альянс президенті Әлібек мырзаға хабарласып, баспана сыйлауға ұсыныс тастаған болатынмын. Ол кісі мені қайырымдылық қорымен байланыстырған болатын. Кейін құжаттарды жинап, атақтарында үй жоқ екенін тексеріп, тоғыз баласы бар екенін дәлелдеп, зерделеп құжаттарын тапсырып, осылайша бір айдың ішінде жүзеге асқан жұмыс бұл. Алдағы уақытта тағы бір отбасын баспанамен қамтуға көмектеспек ойымыз бар»,- дейді Э.Мусина.
Қайырымды жандардың көмегімен бұл отбасы бес бөлмелі пәтерге ие болды. Үш жатын, екі қонақ және ас бөлмелері бар. Су және газ жүргізілген. Жуынатын бөлмесі де үй ішінде орналасыпты. Кең әрі жарық үйге, әсіресе балалар дән риза.
Нұғыманова Балбөпе көпбалалы отбасы санаты бойынша үй кезегінде 90-шы болып тұрған. Бұл кезек келгенше отбасының үйлі болуы үшін әлі біраз жыл уақыт керек еді. Ал қайырымдылық қорының арқасында бір айдың ішінде баспанаға ие болып отыр.
Өз кезегінде үйлі болған көпбалалы ана Балбөпе де қуанышын жасыра алмай, қайырымды жандарға шын көңілмен алғысын білдірді.
«AidynNury» қорының төрайымы, халқымыздың аяулы қызы Айнұр Тұрсынбаеваға, директоры Мөлдір Әшімханқызына, бүгінгі менің қуанышыма ортақтасып отырған қордың қызметкерлеріне, облыстық мәслихат депутаты Әлібек Семғалиевке, жергілікті кәсіпкер Эльмира Мусинаға отбасымның атынан шын жүректен алғысымды айтамын. Жұрттың алғысын алып жатқан қайырымды істерінен береке тапсын. Қиыншылық көрдік, «қуықтай» пәтерде тұрдық. Сөйтіп жүргенде, осы қордың көмегімен аздаған уақыттың ішінде ойламаған жерден бес бөлмелі үйді сатып алып берді. Өте қуаныштымыз», — дейді ол.
«AidynNury» қоры былтырғы жылдың наурыз айынан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін жиналған қаржыға республика бойынша карантин кезінде қиналған отбасыларға азық-түлік таратылып, ауруханаларға 1000 тыныс алу аппараты сатып алынған болатын. Сондай-ақ, қашықтан оқып жатқан, әлеуметтік жағдайы төмен 200 балаға ноутбуктер беріліпті. Сонымен қатар, қиналып жүрген 70-ке жуық отбасына баспана сыйлаған.
Бұл «AidynNury» қайырымдылық қорының ауданымызға жасап жатқан алғашқы жақсылығы емес. Былтыр індеттің өршіп тұрған уақытында аталмыш қайырымдылық қоры арқылы орталық ауруханаға 10 оттегі концентраторы жеткізілген болатын.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі