Мәжіліс үш жылдық республикалық бюджетті талқылайды

Мәжіліс үш жылдық республикалық бюджетті талқылайды
Фото: Kazinform / Freepik
(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар 3 жылдық республикалық бюджет пен жалпы сипаттағы трансферттерге қатысты заң жобаларын талқыға салады.

Айта кетейік, 17 қазанда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро отырысында жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді. Соған орай депутаттардың қарауына 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобалары енгізіледі.

Заң жобалары Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес, елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, 2026-2028 жылдарға арналған бюджет параметрлері және Президенттің тапсырмалары негізінде әзірленді.

Заң жобасына сәйкес, 2026 жылға республикалық бюджет мынадай көлемдерде бекiтiлмек:

1) кiрiстер – 22 889 008 204 мың теңге, оның iшiнде:

    салықтық түсiмдер бойынша – 18 886 018 913 мың теңге;

    салықтық емес түсiмдер бойынша – 330 466 775 мың теңге;

    негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер бойынша – 2 200 000 мың теңге;

    арнаулы түсiмдер – 20 375 447 мың теңге;

    трансферттер түсiмдерi бойынша – 3 649 947 069 мың теңге;

2) шығындар – 27 275 015 382 мың теңге;

    3) таза бюджеттiк кредиттеу – 168 713 361 мың теңге, оның iшiнде:

    бюджеттiк кредиттер – 415 000 000 мың теңге;

    бюджеттiк кредиттердi өтеу – 246 286 639 мың теңге;

4) қаржы активтерiмен жасалатын операциялар бойынша сальдо – 39 984 618 мың теңге, оның iшiнде:

    қаржы активтерiн сатып алу – 39 984 618 мың теңге;

5) бюджет тапшылығы – 4 594 705 157 мың теңге немесе елдiң жалпы iшкi өнiмінің 2,5 пайызы;

6) бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы – -9 059 225 157 мың теңге немесе елдiң жалпы iшкi өнiмінің 4,9 пайызы;

7) бюджет тапшылығын қаржыландыру – 4 594 705 157 мың теңге.

2026 жылға арналған республикалық бюджетте облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінен республикалық бюджетке бюджеттiк алып қою көлемдері 879 947 069 мың теңге сомасында көзделеді. Оның iшiнде:

    Атырау облысынан – 262 404 282 мың теңге;

    Алматы қаласынан – 491 887 501 мың теңге;

    Астана қаласынан – 125 655 286 мың теңге.

2026 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепiлдендірiлген трансферт мөлшерi 2 770 000 000 мың теңге сомасында болады.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап:

    жалақының ең төмен мөлшерi – 85 000 теңге;

    мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен

    мөлшері – 35 596 теңге;

    зейнетақының ең төмен мөлшерi – 69 049 теңге;

    айлық есептiк көрсеткiш – 4 325 теңге;

    базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 50 851 теңге болып белгiленеді.

Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне:

- «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде жергілікті деңгейде денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жағынан жарақтандыруға;

- жергілікті деңгейде денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жағынан жарақтандыруға;

- «Астана қаласының жаңа көлік жүйесі. LRT (әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейінгі учаске)» жобасы шеңберінде құрылыс үшін заңды тұлғалардың жарғылық капиталын ұлғайтуға;

- халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге және оларға қызмет көрсетуге табиғи монополиялар субъектілерінің шығындарын субсидиялауға 2026 жылға арналған ағымдағы нысаналы трансферттерді бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде айқындалады.

Мәжіліс қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс туралы заң жобасын қабылдады

Мұнан бөлек, депутаттар жұмысқа бірқатар жаңа заң жобасын қабылдайды. Олардың қатарында атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіруге бағытталған түзетулер, сондай-ақ 2021 жылғы 16 ақпандағы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімге енгізілген өзгерістер бар. Бұл құжат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіруге бағытталған.

Сонымен қатар Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а)-бабының және 56-бабының өзгеруіне қатысты хаттаманы ратификациялау ұсынылған.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер бірінші оқылымда мақұлданып, екі халықаралық құжатты ратификациялады.

Шерзат ісінде куәгер қыздардың әрекетінде қылмыс құрамы жоқ — Сәденов

«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жобалары бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, құжаттарда құқық бұзушылыққа ықпал ететін себептерді жоюға назар аударылады.

Біріншіден, ортақ жауапкершілік енгізіледі. Әкімдер өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін, мемлекеттік органдар құзіреті бойынша профилактика үшін, мәслихаттар олардың есебін тыңдау бойынша және ақсақалдар, жұртшылық кеңестері секілді жергілікті қоғамдастықтардың рөлі күшейтіледі.

Екіншіден, профилактика жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәртебесі жоғарылайды. Енді комиссияның құрамы мен құзыретін Президент бекітеді. Баға ұлттық баяндамада беріледі.

Үшіншіден, профилактика жасалатын субъектілер тізбесі 13-тен 26-ға дейін кеңейтіледі. Олардың идеологиялық түсіндіру және тәрбие жұмысы, әлеуметтік бейімдеу және оңалту, цифрлық шешімдерді енгізу бойынша құзыреттері нақтыланады.

Сондай-ақ азаматтардың, кәсіпкерлердің профилактикаға қатысу тәсілдері бекітіледі. Енді барлық құқық қорғау органдары қоғамдық көмекшілер тарта алады.

    – Жаңа тетіктер де енгізіледі: ресми ескерту, өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды есепке алып, олардың әлеуметтік бейімдеу және оңалту, жоғары назарды талап ететін жасөспірімдерді педагогикалық сүйемелдеу, жақындауға тыйым салу, ілеспе заң жобалары шеңберінде әкімшілік жауапкершілік, құқыққа қарсы контентті жариялау және тарту үшін енгізіледі, – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ депутаттар «Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі 1992 жылғы конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Мұнан бөлек, Қазақстан мен Ресей арасындағы Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалының қызметі туралы келісімді ратификациялады.

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 14 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдап, соңғы уақытта елде кеңінен таралып кеткен эзотерикалық, псевдопсихологиялық жалған ілімдер мен секталардың әсіре белсенділігі қатты алаңдатып отырғанын жеткізді.

Ал Қарақат Абден түйе шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдауды күшейту керектігіне назар аудартса, Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік кәсіпкерлер заңда көрсетілген жеңілдіктерге қол жеткізе алмай отырғанына қынжылыс білдірді.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT