Тәуелсіздік мерекесіне орай жауынгерлік білімді мектеп қабырғасынан бастаған Абай Құнанбаев атындағы орта мектебінің 20 оқушысы әскери ант қабылдады. Аудан тарихында тұңғыш рет қолға алынған бастаманың салтанатты рәсімінде алдымен әнұранға құрмет көрсетілді.
Кейін шара шымылдығын алғы сөзбен ашқан аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев: «Біздің алдымызда өсіп келе жатқан жасөспірімдерді әскери-патриоттық қызметімізге көбірек тарту міндеті тұр. Біріншіден, өскелең ұрпақ әскери іс туралы базалық білім алуы керек. Олар физикалық дайындалған еліміздің патриот азаматы болып өсуі тиіс. Екіншіден, елімізде әскери білім алған резерв болуы керек. Үшіншіден, жастар бос сенделіп жүрмей, спортпен айналысып, техниканы, ақпараттық-технологияны меңгеріп өссе, бәсекеге қабілетті ел боламыз. «Мәңгілік ел» жастарының болашағы баянды, ұлы дала әскері қуатты болсын», – дей келе, әскери-патриоттық қозғалыс жұмысын кеңінен насихаттау, ауданның әр мектебінен клубтар мен сыныптар ашу, материалдық-техникалық жабдықтармен қамту жергілікті әкімдіктермен бірге іске асырылатынын жеткізді.
Кейін, жас сарбаздардың әскери сәлемдесуімен қатар, саптық жүріспен патриоттық әндері шырқалды. Сонымен қатар мектеп оқушылары білімді, үлгілі, саналы ұрпақ болуы үшін әскери ант қабылдады. Тәрбиеленушілердің әрқайсысына жеке куәлік табыс етілсе, мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Самат Оразовқа әскери-патриоттық қозғалысы қатысушысының сертификаты табыс етілді.
Айта кетейік, «Жас сарбаз» сыныбы ауданда бір емес, 3 бірдей мектепте сабақ кестесіне енгізілген. Оған әзірге елу оқушы мүше. Олар өңірдегі әскери-патриоттық шараларға қатысып, белсенділіктерін танытып жүр.
Жергілікті билік алдағы уақытта аудандағы барлық мектептерге әскери-патриоттық бағыттағы осындай сыныптарды жасақтап, жас сарбаздарды көбейтуді көздеп отыр.
Толығырақ газетіміздің кезекті санынан оқи аласыз!
М.ІЗТҰРҒАНОВА
суреттер автордікі