Жарқын болашаққа негіз болған сапар

(0 Votes)

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің  шақыруымен Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды.

Бұл – Қазақстан Пре­зидентінің осы елге жасаған биыл­ғы алғашқы сапары.

Екі күн­нің ішінде, яғни 10-11 ақпан күн­дері Мемлекет басшысы әуелі Мәс­кеуде, содан кейін Ресей­дің қарқынды дамып келе жатқан аймағы – Татарстан Респуб­ли­касында болды. Біздің Президентіміз Владимир Путинмен Мәскеуде жоғары деңгейде мазмұнды, ең бастысы табысты кездесу өткізді. Екі көшбасшының айтуынша, 4 сағаттан астам уақытқа созылған әңгіме Қазақстан мен Ресей арасындағы күн тәртібінде тұрған қазіргі өзекті мәселелерді ашық әрі өзара сенім негізінде талқылауға мүмкіндік берді. Келіссөз форматының ашық болғаны сондай президенттер әлеуметтік ара қашықтықты сақтамай, қол алысып, бір-бірімен төс қағыстырып амандасты. Осыдан-ақ кездесудің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын байқауға болады. Қазіргідей «ковид» кезінде  мұндай жоғары деңгейде қабылдау – сирек кездесетін жағдай. Иран, Франция сияқты елдердің Президенттерін салқын қабылдап, олармен үлкен ақ үстелдің екі басында отырып келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуі Кремльдің Каминный залында өтті. Хаттама бойынша прези­денттер бір метр ара қашықтықта отырды. Қазақстан Президентімен кездесудің ерекше форматта өтуі екі елдің шынайы достық қарым-қатынаста екенін көрсетеді.

Мұндай ерекше ілтипатты былтыр жыл соңында Санкт-Петербургте өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің саммитінен де байқауға болады. Владимир Владимирович пен Қасым-Жомарт Кемелұлы қала көшелерімен жүргенде бір көлікке отырып, мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастарды талқылады.

Екі ел басшыларының Кремльде өткен келіссөздері білім  беру, цифрландыру, ғарышты игеру салалары мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытында мамандар даярлау ісі бойынша маңызды келісімдер топтамасына қол қоюмен аяқталды. Қазақстанда Ресейдің жетекші жо­ғары оқу орындарының филиалдары желі­­сін кеңейту, сондай-ақ біздің «Бола­шақ» бағдарламасы аясында қажетті мамандар даярлау жөнінде маңыз­ды уағ­даластықтарға қол жеткізілді.

Бұл бағыт бойынша Алматыда МИФИ-дің, Аты­рауда Губкин атындағы уни­вер­ситет­тің филиалдарын ашу жұмыстары бас­талып та кетті. Бауман атындағы Мәс­кеу мемлекеттік техникалық универ­си­те­­тімен және басқа да бірқатар оқу орны­­мен олардың өкілдіктерін ашу жайын­да келіссөздер жүргізілуде. Қазақ­стан­ның «Халықаралық бағдарламалар орта­лығы» акционерлік қоғамы Ресей Феде­ра­циясының МИФИ, МФТИ, Губкин атын­дағы РМУ, Бауман атындағы ММТУ, ИТМО, МИСиС сияқты жетекші алты тех­­никалық университеті мен «Бола­­шақ» бағдарламасы аясында ынты­мақ­тас­тық орнату туралы меморандумға қол қойды. Осы тұста аталған мәселе бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлының аса пайдалы ұсынысын қолдаған Владимир Пу­тиннің ерекше ықыласын атап өткен жөн. Қазақстан Президентінің пікірінше, осы игі бастамалар жастарымыздың озық техникалық білім алуына мүм­кін­дік береді. Сонымен қатар Қазақстан Респуб­ликасы Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі минис­трлігі мен Ресей Федерациясы Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі цифрландыру саласында тәжірибе алмасу туралы мемо­рандумға қол қойды.

Бұл құжат цифр­лық даму саласындағы ынты­мақтас­тықты дамытуға, соның ішінде екі елдің мемлекеттік қызметші­леріне қажет­ті техникалық және ұйымдас­ты­ру­шылық дағдыларды үйретуге бағытталған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT