Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Қиғаш өзенінде болып, оның түбін тереңдету жұмыстарының барысымен танысты, - деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қиғашта өзен түбін тереңдету бойынша 48,7 шақырым ұзындықта жұмыстар атқарылған. 47 шақырым шаю карталары жайластырылып, теңіз бөлігінде 33,6 шақырым канал жасалды. Қазір жұмыстар жалғасуда, 7 бірлік арнайы техника тартылып отыр. Қиғаш өзенінің сулылығын арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту жобасының учаске бастығы Дидар Әліповтің айтуынша, қажетті деңгейді құмнан және басқа да шөгінділерден сақтау үшін мамандар 20-30 сантиметрге тереңірек қазуға тырысады.
- Біздің міндетіміз – Ганюшкин каналын, соған кіретін Жарқосын, Навинский каналдарының түбін тереңдету. Жоба бойынша ені 25 метр, тереңдігі 2,5 метр қылып қазуымыз керек. Балшық сорғыштары (земснаряды) екінші жыл жұмыс істеп жатыр, рет-ретімен жасалуда. Қиындық туғызатын жағдай – кейбір жерлерде өзен түбі қатты ластанған, темір-терсек, ау құралдары көп. Бұндай жерлерді техника үлкен қиындықпен өтеді, кейде оны жөндеуге мәжбүрміз,-деді Д.Әліпов.
Айта кетейік, мердігер компания Жайықта да өзен түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге 5 бірлік арнайы техниканың көмегімен 17,5 шақырым ұзындықта өзен түбін тереңдету жұмыстары жасалды. Теңіз бөлігінде 3 шақырым канал қазылды және 21,3 шақырым шаю карталары жайластырылды.
- Өзен түбін тереңдету жұмыстары сапалы және тыңғылықты жүргізілуі тиіс. Бұл өңірдің балық шаруашылығын дамытуға тың серпін береді және Жайық , Қиғаш өзендерінің экологиялық ахуалын айтарлықтай жақсартады, - деді Н.Ноғаев.
Өңірлік коммуникациялар қызметі