Аптаның дүйсенбісінде аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Тілек Нұрпейісов Мақат кенті, «Болашақ» ықшам ауданының тұрғындарымен кездесті.Тұрғындар ықшам аудандағы алаңшаның бітпей тұрған жаңғырту жұмыстарына наразылықтарын білдіре келіпті.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс жұмыстары уақытында аяқталмағандықтан, балалар түрлі жарақаттар алып, ойнауға ешқандай мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы бақыланбай отыр. «Жұмыстарды өз ісінің мамандары жүргізсе, қазіргі жұмысқа көңіліміз толмай тұр», - дейді Наурызбек Батырханов. Ал, ақ жаулықты аналарымыз жұмыстардың уақытында бітіп, демалыс орнына немерелерімізді ойнатсақ дейді.
Мемлекеттік сатып алу конкурсын жеңіп алған «Масштб Строй Групп» іске кіріскенімен, аяқтау уақытынан әлдеқашан асып кеткен болатын. Қаржы да жеткілікті.
Мәселенің мәнісін түсіндірген аудан әкімінің орынбасары Т.Нұрпейісов құрылыс жоспары бойынша нысан 2017 жылдың желтоқсан айында аяқталу керек. Алайда, мердігер мекеме құрылысты аяқтамай, тастап кеткендіктен, жергілікті атқарушы орын сотқа жүгінуіне тура келді деді.
-Бөлінген қаражат мердігер мекеменің қалтасында кетпей, жергілікті бюджеттің балансында тұр. Ол мекеме жұмыстың ортасына келгенде жұмысты ұйымдастыра алмай, құрылыс жұмыстарын тоқтатты. Сот шешімі шыққаннан кейін жұмыстар жалғасын тауып, жылдың аяғына дейін бітетін болады, -деді аудан әкімінің орынбасары Т.Нұрпейсов.
А.ТАУМҰРЫНОВА,
суреттер автордікі