Малдар ауыл ішінде жайылып жүр

(1 Vote)

Кент ішінің кез келген жерінен әлі күнге қараусыз, қадағалаусыз жүрген малдардың табылатыны жасырын емес. Осы орайда аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Ж.Қарағаевтың төрағалығымен аудандағы мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, кенттер және Бәйгетөбе ауылдық округінде төрт түлік малды ұстау үшін заң талаптарына сай жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Жиынға ветеринария саласының қызметкерлері, дербес бөлімнің басшылары, кент, округ әкімдері мен төрт түлік мал иелері қатысты.

Бос жүрген малдар көшені ластап, жасыл желекке зиян келтіріп, қоқыс қалдықтарын шашып, инфрақұрылымдық ғимараттарды бүлдірген жағдайда 2016 жылғы 21 сәуірдегі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 505-бабы бойынша ұсталған мал иесіне бірінші кезеңде ескерту, екінші рет ұсталса,- айлық есептік (2525 теңге) көрсеткіштің 20 есесі, үшінші рет ұсталса, 30 есе айыппұл салынатыны газет бетінде хабарланған еді.

b

Айыппұл салынатын малдың иесі малдың құлағындағы сырғаға қарап анықталады. Ал кейбір сиырлардың неліктен сырғасыз жүргенін аудандық ветеринария бөлімінің басшысының міндетін атқарушы А.Бегішова тұрғындардағы түсініктің жетіспеушілігінің салдарымен түсіндірді. Көпшілігі малды қараусыз қоя бергендіктен, олардың оқыс жағдайға ұшырап, көлік немесе пойыздың астына түсіп қалған жағдайда айыппұл төлемеуі үшін иесінің атын жасыратын айласы болса, енді бірі, көршілес Қызылқоға немесе Ақтөбенің Ойыл ауданына қосып жібереді екен.

s

Жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы Қ.Садықов мал ұрлығының өткен жылдармен салыстырғанда, азайғанын жеткізе отырып, қараусыз малды қадағалау үшін ауыл шаруашылығы, ветеринария бөлімі және бақташы мен үш тарапты келісімшарт жасап, ортаға бір бақташыны шығаруымыз керек деген ұсыныс айтты.

Қорытындылай келе, аудан әкімі күн санап көркейіп келе жатқан кентіміздің мәдени деңгейін көтеру мақсатында әр тұрғын бір ауыздан түсіністік танытып, өз малына ие болса деген пікір айтып, жиында берілген тапсырманың орындалуын тексеру үшін араға бір ай салып қайта бас қосатынын қаперге берді.

А.Садыков,

суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521