«Integrity ASTANA» коммерциялық емес ұйымының басшысы Жанат Нұрғалиев еліміздегі интернет байланысы жақсы және нашар өңірлерді атады.
«Цифрлық даму министрлігінің ұлттық жобасы бар. Өңірлер шегінде және басым бағыттар бойынша іс-қимыл жоспарын жария ету қажет. Егер, Қазақстан бойынша айтар болсақ, интернет сапасы бойынша ең жақсы көрсеткіш елордада, ең нашары Қызылорда облысында тіркелген. Ал ауылдық елді мекендерге қатысты айтар болсақ, ең нашар көрсеткіш – Батыс Қазақстан облысында», - деді Жанат Нұрғалиев телекоммуникация нарығын демонополизациялау мәселелерін талқылауға арналған Men media.kz кросс-медиаплатформасы барысында.
Оның атап өтуінше, бұған дейін Қазақстанды 100 пайыз интернетпен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болса, ендігі уақытта оның сапасын жақсарту күн тәртібіне шығып отыр.
«Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша 80-орында тұр. Бұл ретте Қырғызстан 76-орынға, Беларусь 74-орынға шығып, елімізді озып кетті. Мұны ойлану керек. Ұлттық жобада қаржыландыру көлемі де көзделген. Егер 2021 жылы 34 млрд теңге жұмсалса, 2022 жылы 17,5 млрд теңге бөлінді. Ал 2025 жылы Ұлттық жобада 225 млрд теңге қарастырылған. Бірақ, бұл соманың 118 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді. Ал операторлардың инвестициясы шамамен 520 млрд теңгені құрайды. Бірақ, аталған мемлекеттік бағдарламадан кім инвестиция салатындығын, қандай операторлардың есебінен екенін көрмейміз. Қоғам қазірдің өзінде сапалы интернет сұрап отыр», - деді ол.
inform.kz