Тауман жүлдесі кімге бұйырды?

Тауман жүлдесі кімге бұйырды?
(0 Votes)

Биыл төртінші рет Республика күніне орай футзалдан БАҚ қызметкерлері арасында Атырау облыстық бас редакторлар клубының ұйымдастыруымен қазақ журналистикасының ғылыми негізін қалаушылардың бірі профессор Тауман Амандосов атындағы ауыспалы кубоктан турнир өтіп отыр. 

Жарыс ережесі бойынша кубок үш жыл қатарынан жеңіске жеткен команда да қалатын болғандықтан үздік ойын иелері «Тауман» командасына бұйырды. Сондықтан биыл жаңа кубокты сарапқа салды. Сонымен Геолог мөлтек ауданындағы Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының “№4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дене шынықтыру және спорт кешенінде өткен жарысты облыстық Бас редакторлар клубының төрағасы Жанай Амантурлин ашып, Т.Амандосовтың есімін әрдайым ұлықтаумен қатар БАҚ қызметкерлерін де бір сәт спорт алаңында кездестіріп, аға мен іні буын арасын жалғастырып, шығармашылықтарын шыңдауда септігі мол екенін айтып өтті.

Сондай-ақ осы жарыстың өтуіне мұрындық болған директоры Табынбаев Құныскерей Қошқарбайұлына клуб атынан ризашылық білдірді. Ал көп жылдар облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы болған, Қазақстанның құрметті журналисі Нұрлан Қабылов:

-Спорт - адамның жан серігі. Сондықтан сіздерді осы алаңнан көргеніме қуаныштымын. Мұндай кәсіби қызметтен тыс кездесулер адамға шабыт сыйлайды. Баршаңызға сәттілік тілеймін,-дей келіп, Қайсар Жетпісбаевқа кәсіподақтың Құрмет грамотасын тапсырды.

Республикалық «Сахара» газетінің бас редакторы Қуандық Батыров та баршаны келе жатқан республика күнімен құттықтап, бас редакторлар клубының арқасында жыл сайын түрлі іс-шаралар өтіп келе жатқанына тоқталып, жарысқа сәттілік тіледі.

Одан әрі бас төреші Мағлұмат Қисметов ереже бойынша жарыс тәртібін түсіндірген соң қызу ойын басталып та кетті. Жалпы жарысқа «Атырау телеарнасы», «Атырау-Ақпарат», «Баспахана», «Тауман+35» және «Аудандар» құрама командалары қатысып, теңбіл доп қуып, намыс жолында көк тер болды. Жеңіске жету әр команданың басты ұстанымы болғандықтан ойын барысында оңайлықпен ешкім беріле қойған жоқ. Кей команда да ауыса ойнайтын әріптес жетпей жатса, бірінде ұйымдаса ойнау шеберлігі жетпей жатты. Қайткенде де ақтық сынға келгенде «Атырау» телеарнасы мен «Атырау-Ақпараттың» ойыны тартысты өтті. Алма кезек ұпай алмасқан ойында төреші Мағлұматтың да ысқырығы жиі естіліп, сары қағазды ескертпе көтеріліп жатты. Бұл енді жанталасқа келгенде ойын тәртібінің де жиі бұзылатынының белгісі. Дегенмен бәрі бір ойын мықтыны анықтайтыны белгілі.

Осылайша футзалдан өткен турнирде бұл жолы ауыспалы кубок «Атырау-Ақпарат» командасына бұйырып, оны клуб төрағасы Ж.Амантурлин тапсырды. Ал «Баспахана» мен «Атырау» телеарнасы ІІ-ІІІ-ші орындарды иеленді. Сонымен қатар Иса Жетпісбаев «Үздік ойыншы», Абай Өтегенов «Үздік шабуылшы», Арман Саленов «Үздік қақпашы» атанды. Клуб төрағасы барша қатысушыларға ризашылығын білдіріп тарқасты.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT