Тарихи сәт: "ОМАР" федерация кубогінің жеңімпазы

(1 Vote)

Дүбірлі доп додасы ойында орын алатын түрлі сенсацияларымен қызықты. Кубоктік ойындарды былай қойғанның өзінде қай бір жылы төрткүл дүние көз тігетін Англия біріншілігінде қарапайым ғана ойыншылардан құралған Лестер чемпион атанбап па еді?! Осылайша олар ауыз біршілік бар жерде алынбайтын қамал жоқ екенін футбол арқылы бүкіл адамзатқа паш еткен болатын.


Маусым аяқталар тұста жарғақ құлағымызды жастыққа тигізбей жаңалыққа елеңдетіп қойған ауданымыздағы ең ұйымшыл ұжымдардың бірі "Омар" командасы болды. Бірінші лигада өнер көрсететін Доссорлық команда, биыл өз ойындарын турнирлік кестенің төртінші сатысында қорытындылаған еді. Десе де олар федерация кубогі ойындары жолында кездескеннің бәрін қоғадай жапырды. Бір қызығы бұл кубокке премьер лига командаларымен қатар бірінші және екінші лига командалары да қатыса алатын еді. Әр лигадан 14 команда бағын сынағанда қатысушы командалардың санын есептей беріңіз. 42 команданың арасында сарапқа салынған федерация кубогының маңызын осыған қарап-ақ бағамдауға болатындай. Алдымен бос корзинаға түскен доссорлықтар 1/32 ойынды ойнаған жоқ. Ал 1/16-шы финалда "Омар" екінші лигадан келген "Бөденені" 3:2 есебімен жеңсе, 1/8-ші финалда өз лигасындағы "Қайнармұнайгаз" ұжымын 2:8 есебімен тас талқанын шығарды. Жарыстың бас кезеңінде ешкім елей бермейтін командалардың жарқырап көрінер тұсы да осы еді. Алда жоғарығы лигадан келген "Каспийнефть" командасы күтіп тұрған болатын. Ауызбіршілігінен әсте жаңылып көрмеген жерлестеріміздің бұл жолы да асығы алшысынан түсті. Есеп 5:2 есебімен "Омардың" пайдасына шешілді. 1/2 финалдық ойында жігіттерімізді "NCOC" командасы қарсы алды. Мұнайлы мекеннің намысын қорғап, ауылының аманатын арқалаған азаматтар қарсыластар қақпасына жауапсыз үш голды топ еткізді. Қорытынды есеп 0:3. Осылайша "Омар" ақтық кезеңге бір де бір пеньалтисыз адымын алшаң басып келді.


Финалда жоғарғы лигадан келген "Ракуша" командасымен тартысқа толы ойын өрбіді. Бірінші таймның 8-ші минутында есепті ойыншымыз Мирас Сәлімгереев ашты. Бұндай мачтарда алғашқы голды салған команда психологиялық басымдықа ие болатыны сөзсіз. Десе де финалға анау-мынау команданың шықпайтыны белгілі. "Ракуша" да оңайлықпен беріле салмайтынын дәлелдеп 1 таймның соңғы минутында есепті теңестіріп үлгерді. Екінші кезеңде де қос тараптан алма кезек шабуылдар үсті үстіне жасалды. Ойынның аяқталуына 3 минут қалған кезде шабулшы Дастан Әнесов гол соғып таразы басы доссорлықтарға ауды. Бұндайда бір секундтың өзі өтіп болмайды ғой шіркін. Соңғы үш минут ішінде қарсылас команда қақпашыны шабуылшымен алмастырып бесінші ойыншымен ойнады. Бұл ретте толассыз шабуылдарға тойтарыс берген қақпашы Ербұлан Бөрібаевтың шеберлігін атап өтпеске болмас. Осылайша ауданымыз бойынша да тарихи сәт орын алып, "Омар" - Атырау Федерация Кубогінің иегері атанды. Осы ретте есімі аудан жұртшылығына жақсы таныла қоймаған жерлестерімізді сіздерге жақыннан таныстыру мақсатында команданың құрылуына себеп болған Қанат Қапашев мырзамен сұқбаттасқан едік.


"Жалпы біздің командамыз 2021 жылы демеушісіз құрылған ең жас ұжымдардың бірі. Алғашқы жеңісіміз Доссор кентінде өткен ішаралық турнирде чемпион атанудан басталған еді. Команда құрамында ойнап жүрген ойыншылардың барлығы кентіміздің жігіттері. Ерекшелігіміз де сол біз еш легионерсіз ойнап жүрміз. Олар: Нұрбол Қалимов, Бекзат Сарсенов, Андрей Амангелдиев, Ербұлан Бөрібаев, Асхат Жатимов, Еркебұлан Қырықбаев, Ерлан Беріков, Мирас Сәлімгереев, Медет Әуелбаев, Сәндібек Сақтанов, Қуаныш Құбаев, Диас Серік, Дастан Әнесов, Әлихан Демесін, Дастан Асқаров, Амантай Рысқалиев сынды ауыл азаматтары. Жене де көмекшім Орынбек Биғазиев бір жағынан команданы баптауға қолғабыс тигізеді. Ол да осы спорт түрінің білікті маманы. Ойыншыларымыздың әр қайсысын мақтан тұтамын. Бәрі бірдей кәсіби түрде айналысып жүрмесе де мықтының бәрі ауылдан шығатынына тағы бір көз жеткізді. Мәселен олардың бірі вахталық ауысыммен жұмыс жасаса бірі электрик, бірі теміржолшы. Колледжде білім алып жатқан жас ойыншыларымыз да бар. Ендігі мақсатымыз Алла қаласа Атырау қаласында өтіп жүрген қысқы біріншілікте яғни жоғарғы лигада ойнау. Және де біздің кешегі жарқын жеңісімізге куә болып, әр ойынымыздан қалмай қолдау танытқан барша ауылдастарыма шынайы алғысымды айтқым келеді. Қалаға біз үшін аранайы барып жанкүйерлік танытатын жерлестеріміз барда біз де қолымыздан келгенше аянып қалмаймыз!",-дейді Қ.Қапашев.


Еске сала кетсек Қанат бірінші лиганың үздік бапкері атанған еді. Бүгінде Доссор балалар-жасөспірімдер мектебінде футбол жаттықтырушысы болып еңбек ететін ол "Омар" командасының жарнасын төлеп, спорттық формасына демеушілік танытып жүрген жайы бар. Ауданымыздың атын асқақтатып жүрген дәл осындай командаларға жерлес кәсіпкерлеріміз неге қолдау білдірмеске? Атымтай жомарттарымыздың құлағына алтын сырға! Ал біздің айтарымыз тек сәттілік! Олажаларыңыз көп болсын "Омар"!


А.САДЫҚОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT