Жақында халықаралық қарттар күні және 25 қазан Республика күніне орай Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде үстел теннисі мен шахматтан өткен аудандық жарысқа 27 ардагер қатысты.
Тартысты өткен бәсекелердің нәтижесінде үстел теннисінен I орынды Теңелбай Жауынбаев жеңіп алса, ІІ орын Қуанышқали Қуатовтың қанжығасында кетті. Үздік үштікті Ғаббас Жанасов түйіндесе, «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен Марат Шайкунов пен Марат Нұрмақов марапатталды.
Ал, шахматтың кезегі келгенде Елтай Дюсов алдына жан салмады. Күміс жүлде Естай Ғинаятовқа, қола жүлде Кәрис Мұқашевқа бұйырды. Табылды Жолмағамбетов пен Көбейсін Саюпов «Жеңіске деген жігері үшін» дипломдарына ие болды.
Сонымен қатар, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің кубок және медальдары табысталды.
А. Жұмабекұлы
Сурет: ашық дереккөз