«Zhas Daryn Art Kazakhstan» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласында І Республикалық балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған «Zhas Daryn Art Kazakhstan» атты онлайн өнер байқауы өтті.
Өнер додасына аудандық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесінің оқушылары көркемсөз оқу номинациясы бойынша қатысып, бақ сынады. Өз шеберліктерімен көзге түсіп жүрген үйірме шәкірттері кезекті жарыс жолында да алдына жан салмады.
Нәтижесінде 7-11 жас аралығында Сәбит Мейілхат және Арсен Мейілхат бас жүлдеге ие болды. Ал, 7 жас аралығында Қарақат Әбілғали І орынмен марапатталса, 9 жасар балалар арасынан Айшат Асқар ІІІ орыннан көрінді.10 жасарлар арасынан Жайнұр Балмұхан бас жүлдеге лайық өнер көрсетсе, Айтөре Атшыбай және Айсара Болатбайқызы І орын, сондай-ақ, Ақбаян Саматқызы ІІ орынға табан тіреді. 15 жас аралығында Азиза Жолдыбай І орынға лайықталып, өзгелерден оқ бойы оза шықты.
Сонымен қатар, үйірме жетекшісі Гүлбаршын Кенжиева да өскелең ұрпақтың өнерін шыңдатып, рухани-адамгершілік, патриоттық және эстетикалық тәрбие беруде үлес қосқаны үшін ұйымдастырушылардың арнайы «Үздік ұстаз» дипломымен марапатталды.
Карантин уақыты болса да, өз баптарынан табылып, өнер додасынан топ жарған өнерпаздарымызға әлі де шығар асуларыңыз биік болсын дейміз! Айта кету керек, ұйымдастырған алғашқы онлайн байқау алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.
М.ІЗТҰРҒАНОВА