Мақат кентінде Т.Амандосов атындағы сыйлықтың иегері, Мақат ауданының «Құрметті азаматы», ақын Қажымұқан Елеместегінің туғанына 70 жыл толуына орай облыстық айтыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жергілікті 14 ақын қатысқан жыр додасына Атыраудың ардагер айтыскерлері Мүтиғолла Ғани мен Шынарбек Қабиев және жергілікті журналист Лена Нұрбаева қазылық етті. Ал құрметті қонақтардың қатарында ақынның әріптесі, әрі үзеңгілес досы Қаржаубай Сұлтанғалиұлы және Қазақстан Журналистер одағы Атырау облыстық филиалының төрайымы Алма Калусариева болды. Ал тізгінді «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» Атырау облыстық филиалының төрағасы Шалқарбай Ізбасаров алды.
Сайыста Мақат аудандық мәслихат хатшысы Азамат Шаңғалаев сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі.
Айтыстың алғашқы айналымында 7 жұп өнер көрсетті. Қазылар сайыс шарты бойынша финалдық кезеңге 6 ақынға жолдама беріп, олар өз кезегінде шектеулі уақытта шаппа-шап айтыстың үлгісін көрсетті.
Сайыс нәтижесінде құрманғазылық Нұрбейбіт Нұғыманов бас жүлдені иеленді. Ал 1 орын исатайлық Серікбол Панабердиевке, 2 орын Атырау қаласының атынан қатысқан Өнербек Дәулекеновке, 3 орынды қызылқоғалық Әділбек Қайыров пен Атырау қаласының намысын қорғаған Жәнібек Садыровқа бұйырды. Сондай-ақ Қ.Елеместегі атындағы арнайы жүлдеге мақаттық ақын Нұрбек Сарбасов лайық деп танылды.