Ұлысты ұйыстырған ұлы мейрам

(0 Votes)

Еліміздегі барлық ұлт өкілдері бірге тойлайтын еңбек пен бірлік мейрамы – Наурыз мерекесін аудан орталығы - Мақат халқы да ұйымшылдықпен қарсы алды.

Рухымыздың жанып, халқымыздың салт-дәстүрін паш етер рәсімдер мен ұлттық ойындарға орын берген жастар алтыбақанда тербеліп, ойын-сауықтың тамашасын қыздырса, мекеме-кәсіпорын ұжымдары «Аластау», «12 жыл иесі», «4 жыл мезгілі», «Астана-менің мақтанышым», «ЭКСПО» сынды театрландырылған көріністер, бүлдіршіндердің тілегі бәрі-бәрі мерекелік шараның маңызын ашып, көптің назарын аудартты.

«Локомотив» АҚ-ы филиалының еңселі үйінің іші ерекше әрленіпті. Ұлттық әндерді төгілткен ақ жаулықты аналар мен оларды аспаптармен сүйемелдеуші жігіттер қазақтың салт-дәстүрлерін кезегімен әдемі ұйымдастыра білді. Төрден аудан басшысы бастаған ардагерлерге орын беріп, ашамай рәсіміне кезек берсе, Мақат желілік -өндірістік басқармасы тіккен үйде тұсау кесу рәсімімен жалғасын тапты. Жастар ресурстық орталығы және «Жас Отан» ЖҚ ұйымдастыруымен арнайы тігілген киіз үйде «Шебер қол» қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, «асық ату», «ләңгі тебу», «бес тас» ойындарына жастар белсене қатысып, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

 Доссорда ақындар ұлыс күнін жырға қосты

Ұлық мерекені доссорлықтар кең көлемде атап өтті. 22 наурыз күні еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін шат-шадыман көңіл күйге бөленді. Таң атысымен кент жұртшылығы орталық алаңына жиналды.

Мұнда 7 киіз үй тігілген. Үй іші қолөнер бұйымдарымен безендіріліп, ұлттық тағамдармен дастархан мәзірі майысады. Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев жыл басы көктем мерекесімен көпшілікті құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Қыз бен жігіт айтысы көбіне әде¬мі әзіл, қуақы қалжыңға құрылады. Қызылқоғалық Әбілқайыр Бимырза мен атыраулық Фариза Жетпісбаеваның арасында өткен осындай айтыс тартымды болды. Исатайлық Амангелді Панабердиев пен мақаттық Нұрбек Сарбасовтың нағашы мен жиен тақырыбындағы айтысы ұтымды тіркес, тастай қаланған шу¬мақтарымен елдің көзіне түсті. Оралдық Алшынбек Мұқанғалиев пен доссорлық Асылбек Есжанның ай¬тысы да делебе қоздырар, тақым қысар деңгейде өтті.

Өзара сөз бен ой, өлең мен өре салыстырған айтыстың бас бәйгесін Орал қаласынан келген Алшынбек Мұқанғалиев еншіледі. І орынға Амангелді Панабердиев (Исатай ауданы) лайық болса, ІІ орынмен Нұрбек Сарбасов (Мақат кенті), Әбілқайыр Бимырза (Қызылқоға ауданы) марапатталды. ІІІ орыннан Асылбек Есжан (Доссор кенті) және Фариза Жетпісбаева (Атырау қаласы) көрінді. Айтыс "Рипгаз" ЖШС-і және кент кәсіпкерлерінің демеушілігімен өтіп, лайықты жүлделер табысталды.

Бәйгітөбе аулындағы наурыз тойы Наурыз мейрамы Бәйге-төбе аулында да ерекше ұйымшылдықпен өтті. Бұл күні мектеп- балабақша кешені ғимаратының алдында «Құтты болсын қадамың, жарқын наурыз!» шарасымен сабақталды. Кезегімен қазақы салт-дәстүрлері көрініс берді. «Бесікке салу», «сыңсу» рәсімдерін жасаған мектеп-балабақша кешені ұжымы көптің көзайымына айналды. Ақ орамал таққан аналарымыз тәттіден шашу шашты. «Тұсау кесу» рәсіміне кезек беріліп, кішкентай бөбектің тұсауын үйлесімді ұлттық нақышта қоғамдық кеңес мүшесі Е.Жоламанов кесіп, кішкентайға сыйлық ұсынды. «Бірліктің туын нық ұстаған» халық наурыз батасын алды.

А.ТАУМҰРЫНОВА, М.ІЗТҰРҒАНОВА, Г.ИГІЛІКОВА.

Суреттер авторлардікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT