Атырау облысының мәдени кеңістігін байыта түскен айтулы шаралардың бірі – «Лотос-Fest» фестивалі. Аталған фестиваль аясында 18 тамыз күні Құрманғазы ауданында Мақат ауданы өнерпаздарының мәдени күндері ұйымдастырылды.
Фестивальдің ашылуында жүргізушілер қонақтарды Құрманғазы жерінің тарихы мен тұлғаларын жырға қосып, әсерлі шумақтармен қарсы алды.
Кеш шымылдығын Естай Ғинаятовтың сөзіне жазылған «Мұнайлы менің мекенім» әнімен Кенжебике Төлебаева мен Раушан Әлиева ашты. Одан әрі сахнада әрқайсысы өз тыңдарманын тапқан өнер иелері мен шығармашылық ұжымдар кезекпен өнер көрсетті.
Көрермен назарына Ақболат Отаубайдың «Жоғалтудан қорқамын» әні, «Шаттық» үлгілі би ансамблінің қазақ билері, Азамат Елубаевтың лирикалық әндері ұсынылды. Сондай-ақ Қуаныш Есенжан халық әндерімен қоса, Ақболат Отаубаймен бірге «Миллион қыздар» дуэтін орындап, мерекелік кештің сәнін келтірді.
Бағдарлама барысында Айзада Хабиболлаева «Бипыл» халық әнін қобыз сүйемелдеуімен орындап, көрерменді ерекше әсерге бөледі. Ал Қалықыз Ерманова, Данияр Еримов, Бекзат Арыстанов, Мейрамбек Құрманғазиев сынды жас таланттар әртүрлі жанрдағы әндерді орындап, шын мәнінде көркем кеш сыйлады.
Кештің көркін қыздырған тағы бір сәт – Думан Құрмашевтың «Мақатым – мақтанышым» әні. Бұл туынды тыңдарман жүрегінен орын алып, ауданға деген сүйіспеншілікті паш етті.
Фестиваль соңында Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Амангелді сөз алып, өнерпаздарға алғыс білдіріп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Аудан өнерпаздары ұсынған әсем ән мен нәзік би, әсерлі өнер – қонақтардың көңілінен шығып, Құрманғазы жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Лотос-Fest» аясында өткен бұл мәдени шара өнер мен достықтың дәнекері болып, екі аудан арасындағы мәдени байланысты нығайта түсті.
Ж.ҚАМЗА