Жаңаөзен қаласында Қыран командасының 10 жылдығына орай футзалдан турнир өткізілді. Оған 9 команда қатысқан болса, біреуі өзіміздің жерлестеріміз - Мақат командасы.
Команда құрамында: А.Құттыбай, Е.Шарафиев,А.Кәрімов, С.Каримов, Ж.Амандосов, Ш.Жакиев, М.Зарлыханов, А.Қосекен мен жаттықтырушы А.Жакиев пен өкіл Ә.Теңдібай бар. Команда аталмыш турнирден жеңіспен оралды.
Турнирде Мақат командасының қақпашысы «Үздік қақпашы» номинациясымен марапатталып, «Ақтөбе» ШФК командасының қақпашысы С.Байралиевтің ойындық жейдесі табысталса, Сағытжан Каримов «Үздік ойыншы» атанды.
Ойын нәтижесінде Мақат командасы 1-орынды жеңіп, «QYRAN CUP-2018» кубогі мен медальдарын иеленді. Жергілікті спортшылардың көрші облыста бақ сынауына қолдау көрсеткен «Ару» сауда үйінің басшылығы болатын. Кәсіпкердің үміті ақталып, жергілікті спортшылар байрақпен оралды.
Спортшыларды теміржол вокзалынан жастар ресурстық орталығының басшысы А.Қаржауова бастаған аудан жастары мен спортшылар салтанатпен қарсы алды. Спортшыларды А.Қаржауова жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта биік белестерді бағындыруларына тілектестігін білдірді.
А.ТАУМҰРЫНОВА.