27 қыркүйекте Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев еркін күрестен КСРО спорт шебері, РФ еңбегі сіңген бапкері Абдулманап Нурмагомедов пен жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедовпен кездесті.
Әлемге әйгілі спортшылар Атырауға GFC 17 и Jayynger бірлескен турнирінің құрметті қонақтары ретінде келді.
- Қай жерде де сіздерді көргісі келіп, күтетіндер көп. Бұл – үлкен құрмет, мәртебе, ерен еңбек, қажыр-қайраттың нәтижесі. Абдулманап Магомедович, алдымен, әке ретінде және бапкер ретінде бұл сіздің еңбегіңіз, сіздің жеңісіңіз. Әрбір ата-ана өзінің балаларының үздік болғанын, мақталғанын, сонымен қатар адамшылық қасиеттерін сақтағанын қалайды,-деді Нұрлан Ноғаев.- Сіз осыған қол жеткізіп отырсыз. Хабиб сынды ұл тәрбиелеп өсірдіңіз, басқа да жастарға тәрбие беріп отырсыз. Бұл – өзгеге өнеге. Сізге ризашылығымды білдіремін.
Өңір басшысы спортқа, соның ішінде, ұлттық спорт түрлеріне зор көңіл бөлініп отырғанын, спорт адамның ең жақсы қаиеттерін шыңдайтынын атап өтті.
- Өмір деген күрес, әр адам күн сайын түрлі қиындықтарға ұшырап отырады. Оларды жеңу үшін рухани қуат қажет. Хабибті құттықтап өтейін. Сіз өткізген жекпе-жектердің ешқайсысы да оңай болған жоқ. Ешкім де жеңілгісі келмейді, әркім-ақ жеңемін деген мақсатпен шығады. Жеңіске деген жігеріңіздің арқасында жеңімпаз болып жүрсіз. Алдағы уақытта да жаңа табыстар, жеңістер тілеймін. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп нәрседен бас тартып, қатаң тәртіпті ұстану қажет,-деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Хабиб Нурмагомедов атыраулық шеберлер атақты спортшылардан бір де кем түспейтінін мақтап айтты.
- Бізге бірнеше жыл бойы Атыраудан келіп, бірге жаттығып жүрген спортшылар бар. Бүгін шаршы алаңға шығатын жігіттердің барлығын дерлік танимыз. Шын мәнінде, сіздерде спорт жақсы дамыған. Жалпы, Қазақстанда спортқа деген, соның ішінде, спорттың жауынгерлік түрлеріне деген үлкен ынта байқалады,-деген пікір айтты Хабиб.
Оның әкесі, әрі бапкері Абдулманап Нурмагомедов Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа ұлының үлкен жекпе-жектердегі құпиясын ашты және қазақстандық спортшылар туралы пікірін айтты.
- Мен сізге бір құпияны ашайын: ұлым торға кіріп, таныстыру рәсімі болғаннан кейін, дәл жекпе-жек басталар алдында маған жақындап, күлімсіреп «Әке, қобалжып тұрсың ба?» -, деп сұрайды. Әрине, қобалжимын. Өзің әке болып, ұлың осындай тордың ішінде күрескенде қандай күйде болар екенсің деген ой келеді,-деп сыр шертті атақты бапкер.
- Еркін күрестен әлем чемпионаты өткенде Қазақстан Ресейден кейін екінші орын алған болатын. Шынымды айтсам, еркін күрестен Қазақстан бесінші-алтыншы орын алар деп ойлағам. Бокстан мықты екенін, үздік үштіктің қатарына кіретінін білемін ғой. Ал, бұл жағдайда мен таңданып қалдым. Демек, сіздерде жақсы перспектива бар. Спорт жоғары деңгейде дамыған. Басшылық үлкен көңіл болып отыр, өте талантты жастар бар, бапкерлік құрамның деңгейі жоғары,-деді Абдулманап Нурмагомедов.
Еске сала кетейік, Атырауда 25-27 қыркүйек күндері «Zhastar Sport Fest»спорт фестивалі өтіп жатыр. Бұқара халық арасында спортты насихаттауға арналған жобаның аясында көптеген спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Хабиб Нурмагомедов, Абдулманап Нурмагомедов, Ислам Махачев, Забайра Тухугов сияқты жекпе-жектің танымал шеберлері, олимпиада чемпиондары Роман Власов, Тагир Хайбуллаев, белгілі қазақстандық спортшылар Максим Раков, Сергей Морозов, Дамир Исмагулов, Шавхат Рахмонов шараға құрметті қонақтар ретінде шақырылды. Үш күндік фестиваль 27 қыркүйекте «Gorilla Fighting Champioship 17» әлемдік турнирімен аяқталады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
сурет: ӨКҚ