Бір айға жуық уақыттан бері әлемдегі футбол жанкүйерлерінің назары кәрі құрлықтағы Еуро-2020 ойындарында.
Өткен күнде белгі бар
Алдымен тарихқа көз жүгіртетін болсақ, футболдан Еуропа біріншілігі 1960 жылы бастау алған. Содан бері әр 4 жыл сайын өтіп тұрады. Алғаш рет Францияда ұйымдастырылған ақтық ойындарға небәрі 4 құрама жолдама алып, "Алтын доп" алған жалғыз қақпашы Лев Яшин бастаған КСРО құрамасы кубоктың иегері атанған болатын. Бір қызығы, қазіргі таңда Ресей мен Украина құрамалары үшін ширек финалға шығу едәуір жетістік болса, ол кездегі КСРО құрамасы құрлықтағы 4 мықтының құрамына жиі кіретін. 1964 жылғы финалда Франко диктатордың көзінше Испаниядан финалда жеңілудің өзі кеңестіктер үшін ұят саналған еді. Әрине, бұл жерде саясаттың да өз орны жоқ емес. Сол жеңіс Хави мен Иньеста замандастарының заманы келгенге дейін испан футболы тарихындағы ең жоғары нәтиже болып тұрды. Ал 1968 жылы кеңестіктер ойын соңында пенальти болмауының кесірін көрді. Оның орнына ол кезде тиын лақтырылып, алаң қожайындары итальяндықтардың жолдары болып кетті. 1972 жылы әлем футболының сахнасына батыс германиялықтар шықты. 2 жылдан кейін құрамында "ұшатын голландиялық" Йоханн Кройфы бар Нидерландының әлем чемпионы болуына жол бермейтін немістерден бұл жолы да финалда КСРО құрамасы жеңіліс тапты. Чехословакияның жеңісімен аяқталған Еуро -1976 жеңімпаздардың сапында ойнаған Антонин Паненканың ерекше тебілген айып добымен есте қалды. Кейін ол соққы ойыншының атымен аталып кетті.
1980 жылдан бастап ақтық ойындарда өнер көрсететін құрамалардың саны 8-ге көбейді. Келесі Еуроның үздік ойыншысы "Алтын допты" алғаш рет қатарынан үш мәрте иемденген Мишель Платини болды. Ол бір өзі 5 ойында 9 гол соғып Франция футболының тарихындағы алғашқы елеулі жеңіске қол жеткізулеріне ерекше үлес қосты. 1988 жыл десе футбол сүйерқауымның есіне Марко ван Бастен-Руд Гуллит-Франк Райкард үштігі түсетіні сөзсіз. Олар КСРО-дан топтық ойындарды ұтылып, кейін финалда қайта қауышқанда ван Бастеннің Дасаевтың қақпасына соғылған тамаша голы арқылы жеңіске жеткен болатын. 1992 жылғы Еуродағы Дания құрамасының жетістігі туралы кино түсіруге де болатын еді. Себебі олар үздік 8-діктің қатарында жоқ болатын. Группасында топ жарған югославиялық жігіттер елдерінде өршіген азаматтық соғысқа байланысты аяқ асты бара алмайтын болып, Дания құрамасы демалыста жатырған жерлерінен шұғыл түрде шақырылды. Ақырында чемпиондық атақты жұлып ап кетті.
Мерейлі 10-ыншы Еуропа біріншілігі 1996 жылы Ұлыбритания құрамындағы Англия мемлекетінде өтті. Атақты Алан Ширер сұрмергендердің көшін бастағанымен, бұл жолы да ағылшындардың айы оңынан тумады. Бірінші рет 16 команда қатысқан турнир біріккен Германияның жеңісімен аяқталды. Бельгия мен Нидерланды елдерінде өткен XXI ғасырдағы алғашқы Еуро ойындары екі елде қатар болуымен ерекшеленді. Бұл 2 жыл бұрын ғана әлем чемпиондары атанған Францияның жұлдызды шағы еді. Сол сөздің дәлелі ретінде олар драмаға толы финалда Италияны қапы қалдырды. Футболдан ұлттық құрамалар деңгейіндегі жарыстардаң соңғы жылдардағы басты сенсациясы деп 2004 жылы Грекия құрамасының Еуропа чемпионы болғандарын айтуға болады. Қорғанысқа баса назар аударған олар, Отто Рехагельдің жетекшілігімен алаң иелері португалдықтарды қапы қалдырды. Ол Луиш Фигудың соңғы және Криштиану Роналдудың алғашқы Еуропа біріншілігі болатын. 2008 жылғы Еуроның өткеніне көп болмағасын көзі қарақты көрерменнің есінде шығар. Ол турнир туралы қысқаша айтқанда: Испания дәуірінің басталуы, Баллактың кезекті күмісі және талайларды таң қалдырған Ресей мен Түркия деуге болады. 2012-де испандықтар жеңісті жолдарын жалғай білді. Осыған дейінгі ең соңғы өткен Еуро 2016 ұлттық құрама сапында Криштиану Роналдудың алғашқы трофейді жеңуімен есте қалды. Ол тіпті француздарға қарсы ақтық айқаста жарақатына байланысты ойынды толық аяқтамай, командаластарына алаң жиегінде ғана рух беріп тұрған еді.
Еуро-2020 несімен ерекше?
Пандемияға байланысты былтыр өтуі керек доп додасының атауы Еуро-2020 деп қала беретін болып шешім қабылданды. Аталған бәсекенің финалдық кезеңі екінші рет 24 команда арасында өтіп тұр. Ұлттар Лигасы атты УЕФА-ның жаңа турнирі шыққалы осалдау құрамаларға да өзі деңгейлестерден басып озып құрлықтағы 4 жылдықтың басты бәсекесіне жолдама алуға мүмкіндік туындады. Сол реформаның арқасында биылғы Еурода Солтүстік Македония құрамасы өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар өздерін Суоми деп атайтын финндар да биыл тұсаукесерін жасады. Еуро 2020 ойындарының тағы бір ерекшелігі 1 не 2 мемлекеттің аумағында емес, 10 мемлекеттің 11 қаласында өтуінде. Өз командаларына қолдау білдіремін деушілерді стадиондарға шектеулі түрде кіргізуге ғана рұқсат етілген. Сонымен қатар биылғы дода VAR (бейнеқайталау) қолданылып тұрған алғашқы ірі турнир.
Топтарға жекелей тоқталатын болсақ, Италия, Уэльс, Швейцария, Түркия құрамалары өнер көрсеткен А тобында Италия өзінің басты фавориттердің бірі екендіктерін дәлелдей түссе, ардагер бапкерлері Шенол Гюнештің жетекшілігімен келген Түркия құрамасы 3 ойында да ауыз толтырып айтар ештеңе көрсете алмады. В тобында Бельгия, Дания, Ресей және Финляндия болды. Күтпеген жерден жүрегін ұстап құлаған Дания құрамасының лидері Кристиан Эриксеннің денсаулық жағдайы футболды екінші орынға ығыстырып тастады. Абырой болғанда ол аман-есен қалып, қазіргі таңда емделу үстінде. Даниялықтар сол күнгі ойында өз-өздеріне келе алмай және екінші ойында да жеңілсе де Ресей мен Финляндияның сүрінуінің арқасында топтан 2-ші орынмен шықты. С тобында Украина құрамасы Нидерланды мен Аустриядан кейін 3 орын алғанымен, доп айырмашылығы арқылы келесі кезеңге өтті. Ал Солтүстік Македония үшін осындай шараға қатысудың өзі бір мәртебе. Д тобында Хорватия және Чехиямен таласқа түсіп Англия мен Шотландия ойнады. Ағылшындар гол жіберместен топ жеңімпазы атанса, Ұлыбританияның екінші мемлекеті үшін турнир сәтсіз аяқталды. Е тобында Словакия мен Польшаны артқа тастап, Испания мен Швеция құрамалары жарысты жалғастырды. Еуро 2020 басталмай тұрып құрамында Португалия, Франция және Германия елдерінің футболшылары болуына байланысты "өлім тобы" аталған топта ешқандай сенсация орын алмады. Мажарлар лайықты қарсылық көрсеткенімен Еуропа чемпиондары, әлем чепиондары мен аты шулы "неміс машинасы" плей-оффтан табылды.
Командалардың бірі өліп, бірі қалатын алғашқы кезеңге келгенге "өлім тобынан" шыққан үш мықтының үшеуі де аман қалмады. Португалиялықтар Бельгиядан айласын асыра алмаса, Германия Англияға есе жіберді. Фавориттердің қатарында болған Францияны Швейцарияның және Нидерландыны Чехияның ұшыруымен турнирдегі күтпеген нәтижелер бастау алды. Ширек финалға дейін жеткен Украина құрамасы футболдың Отаны саналатын Англиядан сүрінді. Осы кезеңде екінші мәрте пенальти сериясына жеткен Швейцарияның Испаниядан ұтылуын әділдік деуге болады. Көп ойын қатарынан жеңіліссіз келе жатырған Италия "алтын ұрпағы" бар Бельгия құрамасынан мықты екенін дәлелдесе, жартылай финалдағы андердогтардың өкілі ретінде өнер көрсету құрметіне Чехияны тізе бүктірген Дания ие болды. Күні кеше ғана финалға жолдама сарапқа салынған ойындардың алғашқысында Испания азулы деген Италияны кәдімгідей састырды. Дейтұрғанмен 120 минут ойыннан кейінгі пенальти тебісуде итальяндықтардың жүйкесі шыдамды болды. Турнирдың басты сенсациясы Дания ағаларының 1992 жылғы ерлігін қайталауға бар күштерін салды. Нәтижесінде бұл ойын да қосымша уақытқа созылып, Англия бір доп айырмасымен ғана басым түсті.
Біріншіліктегі сұрмергендер көшін әзірге 5 гол соққан португалиялық Криштиану Роналду мен чехиялық Патрик Шик бастап келеді. Олардың ізін қуып келе жатқандардан жарысты жалғастыратын Гарри Кейн ғана. Биылғы ойындарда футболшылардың өз қақпаларына гол соққан 11 жағдай орын алса, Еуропа чемпионаттарының тарихында осыған дейін 9 автогол болған.
Әдеттегіден ұзақ 5 жыл күттірген Еуро-2020 турниры көптеген ерекшеліктерімен ел есінде қалайын деп тұр. Болғанынан боладысы қызық дегендей ендігі қалғаны ақтық ойын ғана. Букмекерлердің болжамы бойынша жергілікті жанкүйерлердің қолдауына ие болатын Англия құрамасының жеңу мүмкіндігі жоғары. Олай деуге 1966 жылдан бері ештеңе ұтпаған және Еуро біріншілігі тарихында алғаш рет үздік екілікке енейін деп тұрған ағылшындардың кубокты көтеруге құлшынысы мол екендігі негіз болып тұр. Қазіргі Италияның да оңай шағылар жаңғақ емес екендігін ескерсек финалдық кездесу тартысқа толы болып, көрген де, көрмеген де арманда қалайын деп тұр. Ал сіз қай командаға үміт артасыз?
А. Есжан
Сурет: ашық дереккөз