Доссорда дәстүрге айналған еркін күрестен республикалық турнир өтті. Палуандар ауданның «Құрметті азаматы», еркін күрестен КСРО спорт шебері, ауданда еркін күрестің және спорт мектебінің негізін қалаушы Тілекқабыл Құсайыновты еске алды.
2005-2006, 2007-2008, 2009-2010, 2011 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі XII жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнирге аудандар мен облыс орталығынан келген командалардан бөлек, көршілес сегіз облыстан 59 палуан келді.
Турнирдің салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімі Ринат Ибрагимов, Доссор кентінің әкімі Аслан Қосмағамбетов, Т.Құсайыновтың ұрпақтары және ардагерлер қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Боз кілемде белдескен жас палуандардың қай-қайсысы да мықты екендіктерін дәлелдей білді. Нәтижесінде доссорлық 57 келі салмақта Мархаба Қадырхан ІІ орын және 38 келі салмақта Тілеген Бауыржан ІІІ орын иеленді. Ал, мақаттықтар 35 келі салмақта Абылайхан Серік І орын және Жандос Жәрдем ІІІ орын, 38 келі салмақта Ізбасар Орынтай ІІІ орын, 41 келі салмақта Шығыс Кенжеғали ІІ орын және Нұрдәулет Серік ІІІ орын, 44 келі салмақта Дәулет және Сәулет Маратұлдары ІІІ орын, 48 келі салмақта Ерасыл Жаулыбай ІІ орын, 52 келі салмақта Нұрдәулет Найзағай ІІ орын және Нұрлыбек Асан ІІІ орын, 57 келі салмақта Айлан Айтбай және Жақсылық Денес ІІІ орын, 68 келі салмақта Нұрдәулет Сұлтан І орын 75 келі салмақта Әлихан Асқар ІІ орын және Дәулет Сисенбай ІІІ орын, 85 келі салмақта Мәди Темірбекұлы ІІ орын, Диас Маратұлы және Айбек Ермекқали ІІІ орынға ие болды.
Жарыс соңында қатысушы спортшыларға аудан әкімі атынан арнайы диплом мен медальдар табысталды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА