Доссор мәдениет үйі 2014 жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің құрамында жұмысын қайта жандандырғаннан кейін Амандық Төлегеновтың жетекшілігімен ардегерлер ансамблі өз алдына бір өнер ұжымы болып қалыптасты.
Ансамбль «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде өнер көрсетіп, елордалық тыңдармандарды да тәнті етіп қайтқан болатын. Бүгінгі таңда репертуарында отыздан астам әндері бар әнші ардагерлеріміздің баянмен сүйемелдеушісі әрі ансамбль жетекшісі – Түгелбай Жұмағалиев. Әсіресе «Дедім-ай ау», «Әнім сен едің», «Кестелі орамал» әндері уақыттарының біраз бөлігін мәдениет үйінде өткізетін қарттарымыздың төлқұжатына айналғандай.
Өткен аптаның жұмасында аз уақыт ішінде халықтың сүйіктісіне айналған ұжым есептік концерт берді. Сахнаға алғаш боп шыққан «Еркем ай» үлгілі би ансамблінің «Тойбастар» биінен кейін барлық кеш иелері аттары аталып ортаға шақырылды. Оларға арнайы кеш қонағы боп келген аудан әкімі Ринат Ибрагимов құттықтау сөзін айтып, сыйлықтар табыстады.
Есептік концерт әрі қарай ардагерлер ансамблінің ән әлемінің падишасы болған Шәмшінің және халық әндерін орындауымен жалғасты. Кейін Темірхан Төлешқалиев, Тамара және Жаңыл Оразбаева, Төлеген Қоңырбаев, Естай Ғинаятов, Гүлнәр Құлбатырова, Қабдол Утеповтер жиналған жұртты жекелей орындауларымен тәнті етті. Сонымен қатар ата-әжелерінің шығармашылық кештеріне қосқан үлестері ретінде бағдарлама ішінде Доссор мәдениет үйінің өнерпаздары Ербұлан Бөрібаев пен Айнагүл Әбілқасовалардың ән шырқап, Айзада Қабиболлаеваның қобыз аспабымен күй тартып бергендігін де айта кеткен жөн. Концерт соңына қарай биылғы жылы дүниеге келгеніне 100 жыл болған қазақтың даңқты опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың репертуарындағы «Ах, Самара городок» әнін шырқаған ансамбль залдағы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал Ескендр Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен көптен күткен ән мерекесі де мәресіне жете қойды.
Көрермендер арасынан сахнаға көтерілген жергілікті өлкетауншы Орақ Деңгелбаев өнерпаздарға жылы лебізін білдірсе, Доссор ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұреден Байниязов: «Тарихтан білуімізше мәдениет үйіміз 1926 жылы салынған. «Не шықса да Доссордан шығады» демекші, жерлестеріміз ән, би, күйден де құр алақан емес. Соның ішінде Рыспай Ғабдиевтің халықтық ансамблі жалпақ жұртқа кеңінен танымал болды. Орынбек Жұмағалиев дейтін ағамыз басқа мекемеде шөпір болса да концерт ұйымдастырып, мәдениет үйінің қазанында қайнап жүретін. Бүгін ардагерлер ансамбліне жетекшілік ететін Түгелбай ініміз сол Орынбектің баласы. Олардың 1974-1975 жылы құрған отбасылық ансамблі үлкендердің есінде болуы керек. Кәсіби әншілерен тайталаса алатындай, өнерге тегін қызмет етуге дайын ардагерлеріміз аман болсын! Көрермендер атынан барлықтарыңызға алғысымыз шексіз! Осындай концерттеріңіз жиі өтіп, бұдан да көп халық жинала берсін!», - деп ақ алғысын жаудыра кетті.
Осылайша ардагерлердің арқасында Доссор даласы әнмен тербеліп, жұртшылық өнермен бір сусындап қалды.
А. Есжан