8-10 сәуір аралығында Тараз қаласында өткен асық ату және бесасықтан ХІ жазғы Қазақстан оқушылар гимназиадасында аудан оқушыларының мерейі үстем болды.
Республикалық байқауға облысымыздың атын қорғауға аттанған оқушылардың ішінде Х.Санбаев атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушылары Ақерке Сәрсенғали мен Зейнеп Дәулетбай бар. Олар облыстық байқаудан іріктеліп, исатайлық оқушымен бірігіп, бір құрама команда болып, үш қаракөз мұнайлы өлкенің намысын қорғады.
Екі күнге созылған дүбірлі додаға 11 команда қатысқан болатын. Ұлттық ойын барысында біздің қыздар Нұр-Сұлтан және Жамбыл облыстарынан жеңіліп, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарын ұтып, үздік үштікке енді.
Оқушылардың жетекшісі Х.Санбаев атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Мадина Төлегенова қыздар үйірмеден шыңдалғанын айтады.
«Алғашқыда мектепшілік, одан кейін аудандық және облыстық байқаулардан топ жарып, республикалық байқауға жолдама алған болатынбыз. Қанжығамыз майланып, қоржынымыз қола жүлдемен толықты. Қыздар 2018 жылдан бастап асық ойнап келеді. Демалыс күндері, яғни сабақтан тыс уақытта үйірмеміз бар, сонда шынығамыз. Мінездері байсалды, алға деген ұмтылыстары жақсы. Ауданның, облыстың намысын республикалық дәрежеде қорғап, өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп келеді»,- дейді М.Төлегенова.
Жарыс қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан командасы топ жарса, жамдылдықтар екінші орын, атыраулықтар үшінші орынға ие болды.
12 сәуір күні асық ойынының жеңімпаздарын Атырау вокзалынан жергілікті білім беру бөлімінің мамандары мен қолдаушылары зор қошеметпен күтіп алды.
Ұлттық спорт түрлері соның ішінде асық ойындарынан ауданның ұлдары да, қыздары да өз ептіліктерін байқатып келеді. Олардың жастайынан бұл спортқа бет бұруы көңіл қуантады. Өйткені, ұмыт бола бастаған ұлттық спорт түрлерін көтеру жастардың қолында екені сөзсіз.
М.ІЗТҰРҒАНОВА