Бекежанды жақсы көрген Фариза...

(1 Vote)

Аудандық мәдениет үйінде «Поэзия әлемінің падишасы - Фариза» атты аудандық жазба ақындар мүшайрасы өз мәресіне жетті.

Қарымды қаламгер, дауылпаз ақын, поэзия әлемінің падишасы атанған Фариза Оңғарсынованың дүниеге келгеніне 80 жыл толуына орай өткізілген жыр додасына  ауданның бір топ жазба  ақындары қатысты. Ақын апасының соңынан ерген сіңлілері өз өлең шумақтарымен қатар, Фаризаның шығармаларынан жатқа оқыды.

img_1418

 Сахна төріне көтерілген Х.Санбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Ақжұлдыз Оразова «Бекежанды жақсы көрген Фариза» атты өлеңімен өнерсүйер қауымды бір сілкінтті. Олай дейтініміз, Ақжұлдыздың өлеңіне қойған тақырыбынан бастап, «етек-жеңі» жинақы, теп-тегіс. 

img_1417

Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінен келген Салтанат Прзадаеваның өлең оқудағы екпіні ерекше. Ол өнері арқылы жарысты тамашалауға келген көрермен оқушыларға өлеңді қалай оқу керектігін тағы бір түсіндіргендей болды. Бірақ бұл жыр додасы болғандықтан, қазылар негізгі бәсекені бірінші айналым арқылы таңдады. Әттең, жарыс көркемсөз оқу бағытында өткен жағдайда Салтанаттың алдына ешкім түсе алмас еді. Қазақ тілі мен әдебиетінің ұстаздарымен иық тірестіріп,  №54 бөбекжай-балабақшасының ағылшын тілінің мұғалімі Нұргүл  Бекбаулиева да  өлең оқыды.  М.Баймұханов атындағы орта мектебінің оқушысы Ақерке Жақсыберген алдыңғы орыннан көрінуге тырысып-ақ бақты. Талайдың  таңдайын қақтырғанның бірі аталмыш мектептен келген тағы бір оқушы Эльенора Асланова болды. Сахнаға ұлттық киіммен ерекшеленіп шыққан жас ақынның өлең оқудағы дауысы да өте жақсы қалыптасқаны байқалды. Осылайша ол «Ең үздік жас ақын» деген атқа ие болып, болашақта бұдан зор табыстарға кенелуіне көпшілік тілектес болды.

img_1421

Жыр жолдарын «Ақындар деген – ананың перзенті болса да, Арда халықтың баласы» деп бастаған Л.Шахатов орта мектебінің жас ұстазы Мөлдір Несіпбаева бұған дейін де аудан намысын айтулы додаларда қорғап жүргеніне жұртшылық жақсы таныс.

Додаға Доссордан «ат арытып» келген А.Құнанбайұлы атындағы орта мектебінің мұғалімі Айдана Алдиярова екі айналымда да еркін өнер көрсетті. Жыр бәйгесінің жүлделі орындар арасында талас тудыратындай  деңгейде өтуінің өзі ауданымызда ақындық өнердің қанатын кеңге жая бастағанының белгісіндей көрінді. 

img_1426

Сайыс қорытындысы бойынша Мөлдір Несіпбаева бас жүлдеге ие болса, талайдың таңданысын туғыза білген Ақжұлдыз Оразова бірінші орынға табан тіреді. Жырды сезініп оқудың айқын үлгісін танытқан Салтанат Прзадаева екінші орынды қанағат тұтса, өлеңі сәл жетілдіруді сұранып тұрған Айдана Алдиярова үшінші орын тұғырынан табылды. 

Өзге қатысушылар да арнайы алғыс хаттармен марапатталып, жыр кешінен рухани азық алған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

А.САДЫКОВ

суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT