Сананы сандық технология жаулағалы, ұлттық ойындарымыз былай тұрсын балаларымыздың аулаға шығып асыр салуы мұңға айналып бара жатыр. Телефонға телміріп, түрлі ойындардың шырмауынан шыға алмай жүрген балғындарымызға асық атудан алдына жан салмай жүрген аға-апалары үлгі болса дейміз.
Үлгі алмағанда ше?! Асық атудан 2005-2007 жылы туған жастарымыз облыс чемпионы атанып келді. Енді олар мұнайлы өлкенің намысын Павлодар облысы, шұрайлы Баянауылда өтетін ел чемпионатында қорғамақ. Сапарбек Сисекеш, Фархад Мағзомов, Батырхан Махсот бастаған мергендеріміз М.Баймұханов атындағы орта мектеп мақтаныштары. Асығы алшысынан түскен өрендерімізді бұл іске баулып жүрген ұстаздары Мұрат Қайыров екенін естеріңізге сала кетейік.
Аталмыш жарыста аруларымыз да жүлдеден шет қалмай, екінші орынды еншіледі. Бес асық деп аталатын қыздар арасындағы жарыста жерлестеріміздің алдын жылыойлықтар орап кетті. Зейнеп Даулетбаева, Ақерке Сәрсенғали мен Жанна Ғалымжан есімді жүлдегерлеріміз Х.Санбаев атындағы білім ордасының шәкірттері, бапкерлері Мадина Тулегенова.
"Асық ойнаған азар",-деген мақалдың әлдеқашан ескіргенін дәлелдеп үлгерген чемпиондарымыз біраз ата-анаға ой салады деген үміттеміз. Балаларымызды асық ойнауға үйретіп, шеберлігін шыңдай білейік.
А.САДЫКОВ