Аудан төрінде айтыс ақындары

(0 Votes)

Шығармашылық адамдары үшін ми мен қатар денені де шынықтырудың маңызы зор екендігін ескерген Атырау облысының ақындары биылғы жылдан бастап ай сайын спорттық шара ұйымдастырып, жалғасын әсерлі басқосуға айналдыруды әдетке айналдырды.

Қаңтар айында  Атырау қаласынан бастау алған эстафета Махамбет, Қызылқоға аудандарынан кейін Мақат ауданына жолданған болатын. Сол кезде келесі жиынның уақытын қасиетті Рамазан айына байланысты мамырға қою жоспарланған еді.

sport-aqyn-3

Белгіленген сәт те келе қалып, 23 мамыр күні Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, көрерменсіз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Доссор мұнайының 110 жылдығына  арналған ақындар арасындағы облыстық спартакиада өткізілді. Сайысқа облысымыздың түкпір-түкпірінен келген әр түрлі жастағы 20-ға жуық ақын спорттың: кіші аяқ доп, арқан тартыс, үстел теннисі, қол күресі және асық ату түрлері бойынша сынға түсті.

d3460ffd-8656-43bf-9264-97a44e509440

Екі айналымға созылған тартысқа толы футбол бәсекесінде 3-орынға – «Алдаспан», 2-орынға – «Намыс», 1-орынға – «Ақтаңгер» командалары жайғасты. Ал арқан тартысудың кезегі келгенде «Алдаспан» командасы - 3, «Ақтаңгер» командасы - 2, «Намыс» командасы – 1 орындарға ие болды. Жекелей сындар бойынша үстел теннисінен: 3-орынды Ерболат Ізден (Жылыой ауданы), 2-орынды Шынарбек Қабиев (Исатай ауданы), 1-орынмен қатар ардагер журналист Жәнібек Аманғали атындағы сыйлық пен 10 000 теңге ақшалай сыйлықты Нұрислам Құспанғали (Қызылқоға ауданы) жеңіп алды.

sport-aqyn-1

Асық атудан: 3-орынды  Нұрлан Мұрат (Исатай ауданы), 2-орынды Асылбек Есжан (Мақат ауданы), 1-орын және ардагер ақын Қажымұқан Елеместегі атындағы сыйлық пен  10 000 теңге Ерболат Ізденнің (Жылыой ауданы) қанжығасында кетті.

Армрестлингтен (қол күресі): 3 орын - Мұхаммадәли Саадатұлы (Исатай ауданы), 2 орын - Әнуарбек Садықов (Мақат ауданы), 1 орын мен «Мақат тынысы» қоғамдық-саяси газетінің 20 жылдығының құрметіне тағайындалған 10 000 теңгелей жүлде Амангелді Панабердиевке (Исатай ауданы) бұйырды.

sport-aqyn-5

Ақындардың көшін бастап келген Мүтиғолла Ғани, Шынарбек Қабиев, Саадат Нұрмановтар осындай шараны ұйымдастырған Мақат ауданының жауапты тұлғалары  мен жергілікті ақындарына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, облыстық халық шығармашылық орталығы жанындағы «Ақтаңгер» айтыскерлер клубының атынан аудан әкімі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне алғыс хат табысталды. Ал аталған бөлімнің алғыс хаты шараға демеушілік танытқандарға жолданды.

sport-aqyn-2

Сайыс соңында барлық жүлдегерлерге диплом, медаль, кубоктары тапсырылып, келесі айда өтетін басқосуды Исатай ауданының ақындары өз мойындарына алды.

Осылайша атыраулық ақындар байланысты үзбей, жиі көрісіп тұру үшін айтыс өтуі немесе қомақты қаражат тігілуі міндетті емес екендіктерін дәлелдеуде. Ер азаматқа - ала доптан, өнер адамына - сөз бен сазға құлақ салған басқосудан артық не бар?! Елдегі жағдайға байланысты айтыс тоқтап қалғанда ақындарға халықтың қошеметінсіз айтысқаннан гөрі, көрерменсіз футбол ойнаған оңай боп тұр.                               

                                                                                                                                                                                           А.Жұмабекұлы

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT