Ауданның 100 жылдық мерейтойына арналған мәдени іс-шаралар легі Мақат балалар өнер мектебі жанындағы балалар оркестрінің концертімен басталды. «Кел, Мақатқа» атты концертті тамашалауға жиылған көрерменнің қарасы көп болды.
Балалар оркестрінің тарихы сонау 1995 жылдан бастау алады. Сол жылы ауданның «Құрметті азаматы», Халықтық атағы бар аудандық ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері болған Аманқос Түсіпқалиевтың жетекшілігімен құрылған. Оркестрдің қазіргі дирижері мектеп директоры Дәулеткерей Маулекенов 2012 жылдан бастап жетекшілік етіп келеді. Оған 2020 жылы жас ұстаз Ернар Бекболат қосылып, бүгінде оқушыларды бірге дайындап жүр.
Қазіргі таңда оркестр құрамындағы 30 оқушы домбыра-тенор, домбыра-прима, қобыз-прима, қылқобыз, шертер, баян және ұрмалы аспаптармен өнер көрсетеді. Әр жылдары байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген өнер ұжымы былтырғы жылы халықаралық «Самғау» фестиваль-конкурсында І орынға және облыстық музыка және өнер мектептерінің оқушылары арасындағы қазақ халық аспаптары оркестрлері мен фольклорлық ансамбльдерінің байқауында ІІ орынға ие болған.
Концерт шымылдығы Ақылбек Тілеуқұловтың орындауында «Мақат түні» әнімен ашылды. Одан әрі кеш көркін қыздырған балалар оркестрі ұстаздары Дәулеткерей Маулекенов және Ернар Бекболаттың дирижерлығымен «Балбырауын», «Айжан қыз», «Күнжан қыз», «Кісен ашқан», «Сары көл Самар», «Тәжік биі», «Би күйі», «Адай» шығармаларын тебірене орындады.
Жекелей Ерасыл Мұсаев «Төремұрат» және «Саранжап», Дәулет Қарсақбаев «Көк ала ат», Іңжу Терекбай «Науысқы», Гүлжайна Сәрсенбай «Қарлығаш», Ернар Бекболат «Ахаң Ақжелең», Айшабибі Еркебай «Ақ көгершін» күйлерін орындап, көрермен қошеметіне бөленді.
Концерт соңы Қажымұқан Елеместегінің сөзіне жазылған, Бақытбек Сартбаевтың «Кел, Мақатқа» әнін оркестрдің сүйемелдеуімен және Дәулет Жақыповтың орындауымен қорытындыланды. Кейін сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин мектеп ұжымына ризашылық білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
Айта кетейік, концерт басталғаннан аяқталғанға дейін сахна жанында бейнелеу өнері мамандығының оқушылары Нұрболат Әбдіғали және Аягүл Қуаныш аудандық мәдениет үйінің және өнер мектебінің суретін салып, көпшілікке ұсынды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА