Байқауға аймақтардан сайыскерлер қатысты, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шараның ашылу салтанатына Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова қатысып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
- Жұмекен Нәжімеденовтің әдеби мұрасын халық, әсіресе жастар арасында насихаттау, оның шығармашылығы арқылы адамгершілікке, ұлттық рухқа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл шара 2016 жылдан бері Атырау облысы әкімдігімен дәстүрлі түрде өткізілуде. Қазақстанның барлық облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан келіп, Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық көркемсөз байқауына қатысып отырған сайыскер жастарымызға, қазылар алқасына Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың атынан ризашылық білдіремін, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Байқауға қатысушылар Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиялық және прозалық шығармаларынан үзінді оқыды. Мәтінді оқу уақытына 5 минуттан берілді. Байқаудың қазылар алқасында «Құрмет» орденінің иегері Мереке Құлкенов төрағалық етті. Қазылар алқасы қатысушыларды көркем мәтінді оқу шеберлігі, дауыс мәнері және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін ұстауына қарап бағалады.
Сонымен қатар, байқауға ақынның үлкен қызы Айкен Нәжімденова қатысып, сайыскерлерге ізгі тілектерін жолдады. Байқау қорытындысы бойынша Айгерім Сағатова Қызылорда облысы , Нұрмұхамед Серікбаев Қостанай облысы және Хұсни Ғабсаттар Ақтөбе облысы «Алғыс хат» және 20 мың теңгелік сертификатқа ие болды. 3 дәрежелі дипломмен 100 мың теңгелік сертификатқа алматылық Меруерт Аңсат пен жамбылдық Бахтияр Бекназаров марапатталды. 2 дәрежелі диплом және 200 мың теңгелік сертификат атыраулық Бұлан Нұрғалиевке бұйырды. 1 дәрежедегі дипломмен 300 мың теңгелік сертификатқа Павлодар облысынан келген Расул Темеш ие болды. Байқаудың бас жүлдесі және 400 мың теңгелік ынталандыру сыйлығына Батыс Қазақстан университетінің магистрі, Орал қаласы, №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Абылайхан Қуанышев ие болды.