Мәдениет пен өнер – әр халықтың дүниетанымын, рухани байлығын, тыныс-тіршілігін тұтас жинақтайтын егіз ұғым. Шынында өнер – мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністерінің бірі. Ал бұл сала қызметкерлерінің көтеретін жүгі ұшан-теңіз.
Елімізде 21 мамыр күні мәдениет және өнер саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Осы ретте бізде ауданымыздың мәдени және рухани әлеуетін арттыруға үлес қосып, еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі туралы жазуды жөн көрдік. Солардың бірі – Ерасыл Мұсаев. Жас та болса, біраз белесті бағындырып үлгерген жерлесіміз бүгінде Мақат балалар өнер мектебінде «домбыра-тенор» мамандығы мен «таңдаулы» пәндердің мұғалімі және «Шалқыма» фольклорлық ұстаздар ансамблінің жетекшісі болып қызмет жасайды.
Ерасыл Русланұлы 2001 жылы Мақат кентінде дүниеге келген. Х.Санбаев атындағы орта мектепте білім алған оның музыкаға деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталады.
«Мектепте оқып жүрген кезімде музыкаға деген қызығушылығымды оятқан ұстазым - Маржангүл Абайқызы. Кейін 5 сыныптан бастап, әжемнің себепкер болуымен Мақат балалар саз мектебіне ұстаз Сағидолла Шәмелұлының сыныбына домбыра мамандығы бойынша қабылдандым. Бұл мектепте 2011-2016 жылдар аралығында домбыра аспабы бойынша 5 жыл білім алып, кәсіби музыкаға алғашқы қадам бастым», - дейді өнер иесі.
Мектеп бітіргеннен кейін 2016-2020 жылдар аралығында Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде «Аспаптық орындау және музыкалық өнер эстрадасы» мамандығы бойынша білім алған ол кейін М.Өтемісов атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінде «Орындаушылық өнер» мамандығы бойынша оқуға қабылданып, алғашқы еңбек жолын сол қаладан бастайды.
«Еңбекке араласуым 2018 жылы Орал қаласының Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясындағы «Дәулеткерей» атындағы халық аспаптар оркестрінде бас домбырашы қызметінен басталды. Сондай-ақ, сол жылдары Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде «Алаш» этно-фольклорлық ансамблінде бас домбырашы, Жастар шығармашылық орталығында Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінде әртіс, бас гитарашы болып та жұмыс жасадым. 2020 жылы Мақат балалар өнер мектебіне «домбыра-тенор» мамандығының оқытушысы болып қызмет ауыстырдым. Және сол жылдан бастап мектеп директоры Дәулеткерей Нәсіпқалиұлы және мектеп ұстаздарымен бірге «Шалқыма» фольклорлық ансамблінің негізін қалап, ансамбль жетекшісі ретінде қызмет атқарып келемін», - дейді Ерасыл.
Оқуды бітіре сала араға төрт жыл салып туған жеріне қайта оралған Ерасыл «кіндік қаның тамған жерге маңдай терің де сіңу керек» деген пікірде.
«Әр азаматтың туған жеріне адал әрі жауапкершілікпен қызмет етуі перзенттік парызы деп санаймын. Сондықтан, мен үшін туған жерге қызмет ету – үлкен мәртебе. Өйткені, бойдағы дарын, қабілет, тектілік сынды қасиеттер ананың сүті, әкенің қанымен және туған жердің топырағынан дариды емес пе?! Оқуымды аяқтап, туған жерге оралып, қызмет етуімнің де басты себебі, міне, осында», - дейді Ерасыл.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, кейіпкеріміз бүгінде 13 аспапты меңгерген өнер иесі. Негізгі мамандығы домбырашы болса да, жетіген, саз сырнай, сыбызғы, шаңқобыз, шертер, прима-домбыра, бас-домбыра, контрабас, ишқурай, фортепиано, классикалық гитара, бас гитарада еркін ойнайды. Сондай-ақ, ол әр аспаптың өзіндік ерекшелігі бар екендігін айтады. Себебі, олардың дыбыс шығару, болмыс-бітімі мен үндестігі бір-бірінен бөлек болады.
Әрдайым ізденісте жүретін өнерлі жігіт, бүгінде ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеп жүр. Айтуынша, шәкірттері де облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты атанып үлгерген.
«Өнер саласының өзіне тән қызығы мен шыжығы да жетерлік. Өнер адамдарының абыройын асқақтататын, есімін мәңгілік ететін оның таланты немесе өнері емес. Бәлки оның адамгершілігі, үлкендерді құрметтеп кішілерге қамқорлық көрсете білуі деп білемін. Әрине, сіңірген еңбегі мен жаңалық енгізуі тағы бар. Ал өнер адамдарының ортақ жауы ол – тәкәппарлық пен қызғаныш. Егер «менің арбам жүре тұрсын, сенің арбаң тұра тұрсын» деген қағида болса, ол өнер адамдарын алысқа апармасы анық», - дейді ол.
Ерасылдың өнер саласында бағындырған биігі мен жеткен жетістігі жетерлік. Өнердің қайнаған ортасында жүрген оған 2022-2023 жылдары жемісті жыл болып келеді. Атап айтқанда, II Халықаралық «Zhas onerpaz» өнер- шығармашылық байқауында домбыра аспабы бойынша бас жүлдемен марапатталған. Жақында ғана өткен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған аудандық «Жігіт сұлтаны-2023» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Одан бөлек, «Халық қаһарманы», КСРО халық әртісі, дирижер, күйші, композитор, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының домбыра кафедрасының оқытушысы, профессор, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсеновтың шеберлік сыныбына қатысқан.
Иә, таланты мен тынбай еңбектенудің арқасында көптеген жетістіктерге жеткен оның өнерін бүгінде аудан жұртшылығы жоғары бағалайды. Сондықтан, жаста болса, осы жолда өзіндік ізін қалыптастырып үлгерген Ерасыл талай жастарға үлгі болары анық.
Ә.Қасым