Бала күнінен өнерді жанына серік еткен жандардың бірі – Шакизада Қонысбаева атты ару.
Ол 1999 жылы Доссор кентінде дүниеге келген. 2004 жылы сол жердегі С.Шарипов атындағы мектеп-интернатының табалдырығын аттайды. Әкесі Амангелді өзінің жаны өнерге жақын болғандықтан тұңғышын бастауыш сыныптан-ақ қазіргі Р.Ғабдиев атындағы өнер мектебінің домбыра сыныбына береді.
«Өнер жолын таңдауыма ата-анам себеп болды. Ал саз мектебінің қабырғасында тәлім алғанда, ұстаздарымды үлгі тұттым. Қазақ эстрадасының жұлдыздарына келетін болсақ, бала күнімнен еліктеп өскен тұлға деп Роза Рымбаеваны айтуға болады», - дейді бүгінде өзі ауданымыздың жұлдызына айналып үлгерген Шакизада Қонысбаева.
Кейіпкеріміз төменгі сыныпта оқығанда-ақ өзінің болашағы туралы шешім қабылдап қояды. Сөйтіп, 2013 жылы Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжіне «Хорда дирижерлеу» мамандығы бойынша оқуға түседі. 2017 жылы оқуын ойдағыдай аяқтап, арман қала Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон- серваториясында білімін жалғастырады. 2021 жылы іргелі оқу орнының үздік түлектерінің қатарынан табылады.
Шакизаданың үлкен өнерге деген қадамы консерватория қабырғасынан басталды деуге болады. Оған I Республикалық «Алтын Самұрық» конкурс фестивалінен «жалпы фортепиано» номинациясы бойынша I дәрежелі лауреат, III Халықаралық «Жадыра, жас дарын!» фестиваль-конкурсынан «Жалпы фортепиано» номинациясы бойынша жүлделі III дәрежелі лауреат, 2021 жылы XIII жоғарғы оқу орындары студенттері арасындағы республикалық олимпиададан «Дирижерлеу» номинациясы бойынша III дәрежелі лауреат атанғандығы дәлел.
«Туған жерге туыңды тік» деген нақыл сөзді берік ұстанған бикеш 2020 жылы өзі түлеп ұшқан Р.Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебінде «вокал және теория сыныбының мұғалімі» болып еңбек жолын бастайды. Аталған білім ордасының басшысы Мағзом Иманғалиевтың айтуынша, Шакизада Қонысбаева консерватория қабырғасынан алған теориялық білімін практика жүзінде көрсете білген. Ал әріптестері оның өз ісіне тиянақты, өзіне жүктелген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын маман екендігін айтады.
Бүгінде Шакизада өнер мектебіндегі қызметімен қатар, Доссор мәдениет үйінде еңбек етеді. Екі жерде еткен еңбегінің жемісін көру және жеке шығармашылығын дамыту мақсатында өнер конкурстарын қалт жібермейді. Мысалға, 2022 жылы өткен Халық қаһарманы Х.Доспанованың 100 жылдығына арналған облыстық патриоттық ән байқауында ынталандыру сыйлығы, 2023 жылы 56-шы жас музыканттардың байқауында өзі дирижерлық еткен Р.Ғабдиев атындағы балалар хоры облыс бойынша бас жүлде және Кеңес Одағының Батыры Қ.Смағұлов атындағы облыстық патриоттық ән байқауында жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлаған. Сонымен қатар, шәкірттері де әртүрлі аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанып жүргенін де айта кету керек.
«Өнер жолы – қиын жол. Әр адамның қолынан келе бермейтін дүние. Бірақ, сол қиындықтың да өз қызығы болады», - дейді жас маман. Шакизада өзінің болашаққа деген жоспарында балалар мен ересектерге арналған жеке вокалдық студия ашып, ұстаздық пен эстраданы қатар алып жүргісі келеді.
Мүмкіндіктері мол Алматыны артқа тастап өсіп-өнген өлкенің бір пайдасына жарап жүрген арудың еліне бергенінен берері мол екендігіне сенеміз.
А.Есжан