Доссорлық Тұрлан көне аспаптарды жаңғыртып жүр

(0 Votes)

Өнер – екінің біріне қона бермейтін қасиет. Біреуге жезтаңдай әншілік, енді біріне он саусағымен қазақтың қара домбырасын сөйлеткен күйшілік қабілет беріледі. Мұнайлы доссор өлкесінен шығып мәдениет пен өнер саласына тер төгіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – «мақат маңайынан...» атты айдарымыздың кезекті кейіпкері Тұрлан Жұмағалиев.

Бала кезінен киелі қара домбыраны жанына серік еткен ол бүгінде облыс, қала берді республикаға танымал «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі. Өз өнерімен жұртшылықты тәнті етіп жүрген ансамбль қазақ халқының көне, қолданылмай кеткен, ұмытылып қалған ұлттық аспаптарын танытып жүрген ұжым десек, артық айтқандық емес. Бүгінде бұл жас музыкалық ұжымның өзіндік стилі, сипаты, үні қалыптасып үлгерген. Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін ансамбльде Тұрлан студент кезінен өнер көрсете бастаған.

«2014 жылы 2 курс оқып жүргенімде ансамбльге Бауыржан Ақтаев ағайдың арнайы шақыртуымен келдім. Ол кезде ансамбль «Ақ ерке Жайық» деп аталды. Осы ұжымда екі жыл жұмыс жасап, кейін Алматы қаласына Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына оқуымды жалғастыруға кеттім. Сол кезде Бауыржан ағай оқуды бітіргеннен кейін қайта ансамбльге алатынан айтқан болатын. Содан 4 жыл оқуымды оқып, бітіргеннен кейін 2020 жылы ансамбльге қайта оралдым. Ол кезде ансамбльдің аты да, стилі де өзгерген еді», - деп сөз бастады өнер иесі.

Тұрлан Махмутұлы 1996 жылы Доссор кентінде дүниеге келген. Жастайынан өнерге бейім болған ол А.Құнанбаев атындағы орта мектебінде жалпы білім алса, қосымша Доссор саз мектебінде өз талантын шыңдайды. Алғаш қолына домбыра ұстауды үйреткен ұстазы – Естай Ғинаятов. Аспапта ойнаумен қатар оның әншілік қабілеті де ұштала түседі. Әртүрлі байқауларда өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінеді.

2012 жылы 7 жылдық саз мектебін және 9 жылдық жалпы білім беретін орта мектебін аяқтаған ол Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясындағы Атырау музыка колледжіне шертер мамандығына оқуға түседі.

«Мектеп бітірер тұста алдымда екі түрлі жол тұрды. Жеті жыл домбырамен қатар ән айтуды да оқыдым. Сондықтан не ән айтуды, не домбыра тартуды таңдау керек болды. Бүйрегім көбірек домбыраға бұрғандықтан, аспапта ойнауды жаныма серік еттім. Шертер – домбырамен туыстас аспап. Сондықтан да оны үйрену маған қиынға соқпады. Ең алғаш шертер аспабын үйреткен ұстазым – Артур Қазиев. Шертер – өте ежелгі аспап. Оны қазір шертетіндер аз. Сондықтан кейде басқа ұжымдардан да өнер көрсетуге шақырту алып тұрамын. Күні кеше ғана Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрімен еліміздің оңтүстік өңіріне гастрольдік сапармен барып қайтқан болатынмын. Осылайша шертердің үнін жоғалтпау үшін тер төгіп жүрген жайым бар. Өйткені көне аспабымызды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – парызымыз», - дейді шертерші.

Тұрлан – барлық аспапта еркін ойнайтын ерекше музыкант. Яғни, домбыра мен шертерден бөлек домра-прима және ұрмалы аспаптардың құлағында шебер ойнайды. Өз білімін өнер ордасы Алматы қаласында жалғастырған ол білікті маман, доцент, профессорлардан сабақ алған. Консерватория қабырғасындағы ұстазы доцент Зәмзәгүл Шәріпқызы болды. Осы салада көп еңбектенген Тұрлан қатарының алды болып, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты атанып үлгерді. Бүгінде «Sarmad» этно- фольклорлық ансамблінің бір мүшесі ретінде қазақтың төл өнерін танытып жүр.

«Домбырадан бастап, өзім меңгерген аспаптың бәрі де ыстық, бәрі де жақын. Жаныңа серік еткен аспапты сүйіп, оны жауапкершілікпен алып жүру – басты міндетіміз. Ансамбль құрамында жетіген, адырна, шаңқобыз, сыбызғы, саз-сырнай секілді қазақтың байырғы аспаптары бар. Осы көне аспаптарымызды біраз шетелдік сахналарда да танытып үлгердік. Біз топтың стилін қалыптастыру жолында көп тер төктік. Ешкімге ұқсамайтын ансамбль құру мақсатымыз болды. Сол арманымыз бүгінде орындалып келе жатқандай. Алты ай бұрын «Алаш аманаты» туындысына арналған алғашқы бейнебаянымызды түсіріп, қалың көпшілікке ұсынған болатынбыз.

Тыңдармандарымыз жылы қабылдады. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген – біздің ансамбльдің басты ұстанымы. Алаш арыстары секілді бола алмасақ та, «болмасаң да ұқсап бақ» деген жолмен келе жатқан жайымыз бар»,- дейді Тұрлан.

«Sarmad»-тан бөлек Тұрлан аудан мәдениетінің де дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жан. Ол туған өлкенің төл өнерін айшықтайтын «Мөлдір мұнай» халықтық фольклорлық ансамблі және аудандық халықтық ұлт- аспаптар оркестрінде өнер көрсетеді. «Аталмыш ұжымдарға ансамбльдің жетекшісі Ержан Сақуатовтың және оркестрдің дирижеры Сая Жұмашеваның шақыртуымен келдім. Кезінде өзіме ұстаз болған жандармен қазір бір ұжымда әріптеспіз. Әрине, өзімнің туған өлкеме де қызмет қылып, тер төгу зор мақтаныш деп білемін», - дейді өнерпаз.

Тұрланның өмірлік серігі Назерке Базарбаева да өнерден құр алақан емес. Өзі секілді домбыраны серік еткен ол қазіргі таңда Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының магистранты.

«Мәдениет – елдің ең асыл рухани байлығы, асыл мұрасы» дейтін болсақ, халықтың мәдени дамып, рухани жаңғыруы бағытында күш салып келе жатқан өнер иелеріне құрмет қашанда жоғары. Ал қазақтың көне аспаптарын жаңғыртып, оны қастер тұтар жастардың бары қандай ғанибет!

М.Ізтұрғанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521