Медицина мамандарының мерекесінде ауданымыздағы денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбектері жоғары дәрежеде бағаланып, тағы бір мәрте мерейлері өсіп қалды.
Оған себеп Қазақстан Республикасындағы Ұлттық бизнес-рейтингіні ұйымдастыру комитетінің қорытынды есебімен Мақат аудандық орталық ауруханасы 100 мемлекеттік мекемелер ішінен 93 орын, ал Атырау облысы бойынша 10 мемлекеттік мекемелер арасында 4 орынды иемденіп, "Денсаулық сақтау мақтанышы" марапатына ие болуы.
Сонымен қатар, емхана директорының орынбасары Айнұр Қажымұханқызына "Мейірімді жүрек" төсбелгісі тағылса, анестазиолог-реаниматолог Жалғасбай Рүстемов "Денсаулық сақтау саласының жыл маманы" сертификатына ие болды.
"Бүгінгі күні ауданымызда 46 дәрігер еңбек етеді. Оның ішінде, 4 жоғары дәрежелі дәрігеріміз, 6 I-ші дәрежелі дәрігеріміз және 2 II-ші дәрежелі дәрігеріміз бар. Сондай-ақ, 226 орта буын мейірбикелеріміз қызмет атқаруда. Оның 73-і жоғары дәрежелі, 17-сі I-ші дәрежелі және 27-сі II-ші дәрежелі мейірбике.
Жоғары медициналық оқу орындарының былтырғы түлектері жолдама арқылы ауданымызға келіп, жұмысқа кірісті. Келген жас мамандарға, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша әлеуметтік көмек көрсетіліп, аудан әкімдігінің қолдауымен қызметтік пәтерлер берілді", - дейді Мақат аудандық орталық ауруханасы директорының уақытша міндетін атқарушы Асұлан Абдрахманов.
А.Жұмабекұлы