Аудандық орталық кітапханада ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ахмет Байтұрсынов - қазақ руханиятының көсемі» атты аудандық байқау өтті.
Шараны ұйымдастырушылардың басты мақсаты - халықтың жүрегінен орын алған қоғам қайраткері, ғалым, ақын, аудармашы, ұлы ұстаз, бүкіл қазақ халқы бас иер асыл тұлғаның тарихтағы баға жетпес орнын паш етіп, жастар арасында ақынның мол мұрасын насихаттау еді. Үш кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы бөлімінде оқушылар "Ұлтымыздың ұстазы" тақырыбында Ахмет Байтұрсынұлын түрлі слайдтар мен арнайы видеороликтер арқылы таныстырды. Жарыс жолына шыққан алты өреніміздің де осы қалай дейтіндей осалы жоқ. Бұл кезеңде әсіресе бәйгетөбелік Жадыра Жетібайдың ерекше ізденісі көзге көрініп-ақ тұрды. Ол ұлт ұстазы үшін арнайы репортаж дайындап, кәнігі тіс қаққан тілшілер секілді камераның алдында өзін емін-еркін сезініп тұрғаны байқалады. Кітапхана оқырманы ретінде бақ сынаған Аружан Шәріптің бейнеролигі де бұл кезеңде жоғары бағаланды.
Тау тұлғамызбен жақыннан танысып болғаннан кейін сайысқа қатысушылар екінші кезеңге көшті. Ақындық қырымен де айрықша бағаланған Ахмет Байтұрсынұлының жүрек тербейтін өлеңдері жетерлік. Бұл кезеңде жатқа айтудан бөлек дауыс ырғағы мен өлеңдегі образды сомдауға ерекше ден қойылды. М.Баймұханов атындағы орта мектептің намысын қорғаған Жанат Жәңгірова ақынның "Хан шеңгелін" зор тебіреніспен оқыды. Жарыс жолындағы жас қырандарымыздың бірі сөзін ұмытып сәл мүдіріп жатса, біріне өлеңді оқудағы өзіндік мәнер жетіспеді. Десе де, олардың кішкене кібіртіктеп қалуының өз себебі бар еді. Өткен ғасырдың бас кезеңінде ғұмыр кешкен Ахметтің жырларында бүгінгі біздің ауыз екі тілімізден әлдеқашан шығып қалған ескі сөздер ұшырасады. Тіпті шариғи терминдерді де кездестіруге болады. Осының бәрі түптеп келгенде оқушының жаттауына сәл қиындық келтірмей қоймапты.
Жүйріктеріміз мәреге таяр тұста "Тіл - қазына, сөз маржан" атты үшінші кезеңге ойысты. Интеллектуалдық ойын кезеңінде оқушыларымыз берілген бес минуттың ішінде кроссворд шешіп жарысты. Бұл жерде жасырылған әр сұрақтың дұрыс жауабы бұған дейінгі жиған ұпай сандарына да әсер ететіні сөзсіз еді. Берілген он екі сұрақтың 11-іне дұрыс жауап берген Жанат бұл жолы да өзгелерден оқ бойы алда тұрды. А.Құнанбаев атындағы орта мектептен бақ сынаған Ақтілек Жамбылқызы да бұл кезеңде біраз ұпайды еншілеп үлгерді.
Бір айта кетерлігі Л.Шахатов атындағы орта метеп шәкірті Сағыныш Бекболат бұл жарысқа аяқ асты қосыла кеткен. Белгілі себептермен қатыса алмай қалған оқушының орнын басқан ол дайындығының аздығына қарамастан белсенді өнер көрсетті. Х.Санбаев атындағы орта мектептің байрағын желбіреткен Асылхан Маңғыстау шеберлігін шыңдап, сәл пысықтық танытқанда жүлделі орынардан көрініп-ақ тұр еді. Десе де ол екінші кезеңде өзінің жаттау қабілетінің жақсы деңгейде екенін көрсете білді.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша жарыс жеңімпазын анықтау қазыларға қиындық келтірмеді. Үш бөлімде де жоғары ұпай жинай білген Жанат Жәңгірова жүлделі бірінші орынды иеленсе, одан сәл ғана төмен ұпай алған Аружан Шәріпке екінші орын бұйырды. Үздік үштікке бәйгетөбелік Жадыра Жетібай мен доссорлық Ақтілек Жамбылқызы қатарласа келгенімен Ақтілектің үшінші кезеңдегі ұпай саны басымырақ болды.
Егемендік алып етек жеңімізді жинар сәтте ұлт ұстазын тағы бір мәрте жақыннан танудың өзі үлкен жеңіс. Алып империяның аш құрсағына жұтылып кетпей, ұлтымызға тән болмысымыздың бояуын өз қалпында сақтап қалуға жанын қиған Ахмет сынды алып тұлғаларымыздың өшпес даңқы бүгінгідей саналы ұрпақ барда өз биігінде қала бермек.
А.САДЫҚОВ
суреттер автордан