Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарының жаңа буынын жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе. Бұл үшін кадрларды даярлау сапасын көтеруде көптеген жағдайлар жасалынуы тиіс. Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінде үздіксіз білім алуға құштар студенттер мен болашақ мамандардың кәсіби өсуіне және олардың құзыреттері мен болашағын кеңейту мақсатында жасақталған құзыреттілік орталығы салтанатты түрде ашылды.
Аталмыш білім ордасында құзыреттілік орталықты құру «Жас маман» жобасын іске асыру мақсаттарының бірі болып табылады. Ал, «Жас маман» жобасының мақсаты – ең көп талап етілетін 100 кәсіп бойынша 180 колледжді жаңарту және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу еді. «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамы еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беретін білім ұйымдарының қызметіне аудит жүргізіп, нәтижесінде Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі Атырау облысы бойынша осы жобаға қатысушы 10 колледждің қатарына енген болатын. "Бүгінгі таңда, «Жас маман» жобасы аясында барлық жабдықтар алынып, оқыту процесінде қолданылып келеді және мұны әрі қарай тиімді пайдалану үшін колледжіміздің базасында «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» және «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша құзыреттілік орталығы ашылғалы отыр",- дейді колледж директорының орынбасары Нұржамал Мұратова.
Айтуынша, орталықтың техникалық және кәсіптік білім беруді бизнеспен және өндіріспен интеграциялауға негізделген қызметі экономиканың серпінді дамуы мен еңбек нарығының талаптарына сәйкес барлық мүдделі тараптардың бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие кадрларға қажеттілігін қанағаттандыру үшін жоғары кәсіби қызметкерлерді даярлаудың ауқымды және кешенді міндетін шешуге бағытталған. Орталықтың ашылу салтанатына Доссор кентінің әкімі Б.Ермеков пен облыстық және аудандық білім беру бөлімінің және әдістемелік орталық мамандары, әлеуметтік серіктестік пен кәсіпкерлер палатасының өкілдері сондай-ақ, білім беру ұйымының басшылары мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі, жұмыспен қамту бөлімі, жастар ресурсының басшысы қатынасты.
Орталықтың дәстүрлі лентасын қию құрметі «Доссормұнайгаз» МГӨБ басшысы С.Әбдиев пен облыстық білім беру басқармасының кәсіптік білім беру және кадрлар даярлау бөлімінің басшысы Р.Тлепбергеноваға жолданып, ақ тілектер айтылды. Білім ордасына арнайы ат басын бұрған меймандар мұндағы оқу шеберханаларына экскурсия жүргізіп, жұмыс барысымен жіті танысты. Білгеніміздей колледж базасындағы құзыреттілік орталық көптеген мүмкіндіктерге жол ашады екен. Мәселен, талап етілетін біліктілігі бар кадрларды даярлаудың негізгі міндетін жұмыс берушілердің міндетті қатысуымен шешуге мүмкіндік бар.
Оқу бағдарламаларын тұрақты түзету үшін институционалдық алғы шарттар жасау мен жұмыс берушілермен серіктестік қатынастарын кадрларды даярлаудың кооперативтік жүйесін енгізудің негізгі шарты ретінде белгіленуі де мұндағы мүмкіндіктердің бірі болып саналады. Шара соңында колледжге жиылған қадірменді меймандар өз-ара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.
А.САДЫҚОВ