Ғаламтордан кішкентай балалардың күрделі математикалық амалдарды ойда есептеп, жауабын бірден айтып жатқан видеоларды көрген боларсыз. Бірнеше секундта калькулятордан жылдам есептегенде шеберліктерін мойындамау мүмкін емес. Ал балалардың ойлау дағдысын, ақпаратты жылдам қабылдау мүмкіндігін арттыратын бұл әдіс менталды арифметика деп аталады.
Менталды арифметика әдісі бойынша балалар математикалық тапсырмаларды абакус есепшоты арқылы орындайды. Аталмыш есепшотты әбден менгергеннен кейін құралды көзге елестетіп, ойша есептейді.
Ауданымызда бұндай әдісті үйрететін «Wunderkind» интеллектуалды дамыту орталығы бар. Оқу орталығында менталды арифметикадан бөлек, алты бағыт бойынша оқушыларды дайындайды. Атап айтсақ, бірінші сыныпқа дайындау, жылдам оқу, сауатты жазу, үй тапсырмасын сапалы орындау, ағылшын тілін үйрену курстарына қатысып балалар өз білімдерін дамыта алады.
Доссор кентінде 2021 жылы ашылған оқу орталығының Мақат кентінде де филиалы ашылған. Шынар Батырқызы жетекшілік ететін орталықта бүгінде калькулятордан озған жүйріктердің қатары көбейіп келеді. Ал инструктор Аяжан Бірлесқызы дайындаған оқушылар бүгінде өз жетістіктерімен қуантып жүр.
Оған дәлел жақында Ақтөбе қаласында менталды арифметикадан өткен республикалық конкурс. Онда Астана, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Павлодар, Атыраудан келген 175 бала бақ сынаған болатын. Аталмыш сайысқа «Wunderkind» орталығының 24 оқушысы қатысып, қоржынды 2 алтын, 5 күміс, 17 қола жүлдеге толтырды.
Атап айтсақ, жазбаша формат бойынша доссорлық бастауыш сынып оқушылары Дана Алтыбай, Батырхан Қойбағар, Алдияр Демалысов ІІ орынға, Ризабек Сатқан, Әсемай Бақтияр, Айару Сатыбалды, Нұрым Хамит, Ақсана Елемес, Жаншырай Қадыржанқызы, Інжу Ерлан, Мадияр Ержанов, Дәнекер Ахметжан, Алаз Эдуард ІІІ орынға ие болды. Ал экранды формат бойынша Батырхан Қойбағар І орын, Мадияр Ержанов, Алдияр Демалысов ІІ орын, Ризабек Сатқан, Әсемай Бақтияр, Нұрым Хамит, Ақсана Елемес ІІІ орынмен марапатталды.
Сондай-ақ, мақаттық оқушылар жазбаша формат бойынша Рауан Рашид І орын, Аян Садық, Айтжан Мағди (Жамансор) ІІ орын, Жәнібек Нұриден, Көзайым Күлпейіс (Атырау) ІІІ орын иеленді. Экранды формат бойынша Жәнібек Нұриден ІІІ орынды місе тұтты.
Ал Мадина Қуатова, Айымжан Жақсылық, Мұхаммад Сатыбалдыұлы, Айару Сатыбалдықызы, Жұмабек Құтжан, Нарұл Қуандық алғыс хатқа ие болды.
«Оқушыларымыз республикалық сайысқа алғаш рет қатысты. Ал онда кемі менталды арифметиканы 6 жыл оқып, шет елдік олимпиадаларға шығып жүрген оқушылар болды. Бірақ біздің балалар саспады, жылдамдықпен жұмыс жасап, ұсақ моторикаларды іске қосу арқылы есептеді. Есеп 1 секундпен басталып, аяқталар сәтте 0.1 милесекундқа дейін есептеп шығарды. Сіз елестетіп көріңіз 1 секундта есеп шығару қандай жылдам болса, ал 0.1 милесекунд ол тіпті көзді ашып жұмғанша санды көру мүмкін емес. Дегенмен оқушыларымыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атануға тарысты. Нәтижесінде жақсы көрсеткіш көрсеткеніміз үшін FOC бас директоры орталықты кубокпен марапаттады», - дейді Шынар Батырқызы.
М.Серікқызы