Мақаттағы 40 жыл толған мектепке алғашқы түлектері келді

(0 Votes)

Аталған тақырыпта 1 маусым күні Х.Санбаев атындағы орта мектебінде соңғы қоңырау салтанаты өтті. Шараға аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанат Кенжиева, мектептің ардагер ұстаздары Талас Набиұлы мен Мария Шамелқызы арнайы қонақ ретінде қатысты.

Салтанатты шараның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Алдымен, алтын ұя мектебінен үлкен өмірге ұшқалы отырған мектеп бітіруші түлектерді көпшілік қошеметпен қарсы алды. Одан әрі, мектеп бітіруші түлектердің алғашқы ұстаздары ортаға шықырылып, оларға арнайы құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, 1982 жылы іргетасы қаланған Х.Санбаев атындағы орта мектебіне биыл 40 жыл толды. Осынау жарты ғасырға жуық ғұмырында 40 рет алғашқы қоңырауы мен 40 рет соңғы қоңырауын соққан білім ошағы қаншама жас ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып келеді.

Осы ретте, соңғы қоңырау салтанатына осыдан 40 жыл бұрын бітірген алғашқы түлектер мен мектеп бітіргендеріне 15 жыл болған түлектер арнайы қатысты. Олар өз кезегінде ізгі-тілектерін айтып, құттықтау сөз сөйледі.

Жиында Х.Санбаев атындағы орта мектептің директоры Жасұлан Садықұлы ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәт-сапар тіледі.

«Аяқталғалы отырған оқу жылы мектебіміз үшін жемісті жыл болды. Бұл – біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыздың талмай еткен еңбектерінің жемісі. Бүгінгі мектеп бітіруші түлектер, алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуде жақсы баға алып, ойлаған мақсаттарыңыз бен тілектеріңіз орындалсын! Еліміздің абыройлы азаматы болыңыздар! Ақ жол!», - деді өз сөзінде мектеп директоры.

Одан бөлек, салтанатты шараға арнайы қатысқан қонақтар да сөз алып, ізгі-тілектерін білдірді.

Әрі қарай, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Жанат Ғарифоллақызы педагогикалық еңбек жолында жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруде қосқан зор үлесі үшін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақжанар Жалғасбаеваға білім бөлімінің басшысы атынан арнайы алғыс хат табыс етті. Сонымен қатар, мектеп директоры Жасұлан Садықұлына білім жүйесіндегі көп жылғы адал еңбегі, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі шығармашылық жетістіктерді және әлеуметтік әріптестіктің нығаюына қолдау көрсетіп, кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасы табысталды.

Оқу жылының аяқталу бұйрығымен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақжанар Жалғасбаева таныстырды. Одан әрі озат оқушылар арнайы мақтау қағазымен марапатталды.

Аманат табыстау рәсімі бітіруші жас түлек, «Алтын белгіге» үміткер, республикалық «Қазақстан балалары шексіз әлемде» кинофестивалінің I орын иегері Жадыра Жетібайға жолданды. Ол өз кезегінде «аманатты» 10-шы сынып оқушысына табыстап, алдағы оқу жылында мектеп абыройын асқақтатып, білімді, тәрбиелі шәкірт атануларына тілек білдірді.

Сонымен қатар, «Алтын белгі» иегері, облыстық интеллектуалды жарыс жеңімпазы, республикалық жас дарындыларды анықтау сайысында үздік жоба номинациясын иеленген Ақерке Болатқызы өзінің ізгі-тілегін жеткізді.

Шара барысында 11 сынып түлектері Асылай Қабдрахим мен Нұрайым Әлімғали әсем ән орындап, бітіруші түлектер мектеп вальсін биледі. Соңғы қоңырау салтанаты 11 сынып оқушылары мен 1 сынып оқушыларына тапсырылып, соғылған қоңырау үні жүректерге қимастық сезім сыйлады.

Шара соңында түлектер «Қош бол, мектебім» әнін орындап, түрлі-түсті шарлар мен ақ көгершін ұшырды.

Айта кету керек, биыл мектепті 82 түлек бітіріп отыр. Оның алтауы – алтын белгіге үміткер.

Ә.ҚАСЫМ

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT