Бақ шаба ма? Бап шаба ма?
Бүгін түлектер үшін маңызды күн. Таңертеңнен Б.Қанатбаев атындағы орта мектеп ғимараты алды оқушылар мен ата-аналарға толы. Түлектердің аздап қобалжып тұрғандары да байқалады. Биыл 137 түлек ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Оның 75-і Мақаттан, 62-сі Доссор кентінен. Оның ішінде 102 оқушы қазақ, 35 оқушы орыс тілінде тапсырмақ.
Бүгінгі күнге арнайы 5 аудитория дайындалған. Барлық аудиториялар байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен толығымен қамтылған. ҰБТ өткізу технологиясының сақталуын бақылау үшін өңірге Білім және ғылым министрлігінің 7 өкілі келген. Сондай-ақ, жергілікті мемлекеттік комиссия құрамына 5 адам тағайындалған.
Тестілеу 3 сағат 50 минутқа созылады.
ҰБТ қорытындысын кешке министрліктің Ұлттық тестілеу орталығының сайтында ЖСН нөмірін теру арқылы немесе @edugovkz_bot телеграм боты арқылы көруге болады.
Ауданнан биыл 6 оқушы "Алтын белгі", 6 оқушы "Үздік аттестатпен" аяқтады. Оқушылар бұл білім деңгейлерін қорғай ала ма, кешке білетін боламыз.
М.Ізтұрғанова,
суреттер автордікі