Білім саласы инновациялық бастамалар мен озық тәжірибелермен жетілдірілуде

(0 Votes)

Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан білім беру жобалары еліміздің сала жүйесін жаңғырту мен оны заманауи талаптарға бейімдеуде маңызды рөл атқарып отыр. Бұл жобалар мектептердің басқару моделін жетілдіру, білім беру сапасын арттыру және цифрлық технологияларды енгізу арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған.

 Мәселен, «Atyrau jana мектебі» жобасының ерекшелігі — білім беру ұйымдарын тиімді басқаруға негізделген. Жоба аясында 50 мектеп директоры мен 100 оқу ісінің меңгерушілері Сингапур, Финляндия және Қазақстанның үздік мектептерінің тәжірибесін зерделейді. Бұл білім беру ұйымдарының стратегиялық дамуына, жаңа басқару модельдерін енгізуге және білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ, мұғалімдер үшін озық әдістемелерді меңгеру және оны жергілікті жағдайға бейімдеу мүмкіндігін береді. Осындай халықаралық тәжірибелерді енгізу — еліміздегі мектептердің жаһандық стандарттарға сай дамуына септігін тигізеді.

Ал «Жасанды интеллект арқылы цифрлы контент құру» жобасы — білім берудің инновациялық бағыттарының бірі. Жобаға 192 мектептен 11 624 педагог қатысып, олар Gemini, ChatGPT және Canva сияқты платформаларды қолдану арқылы 80 онлайн және 129 офлайн сабақ өткізуде. Бұл тек мұғалімдерге жаңа цифрлық құралдарды игеруге ғана емес, сонымен бірге оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық және аналитикалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект көмегімен дайындалған контент оқыту процесін жеделдетіп, оны заманауи талаптарға сай етеді.

«Nazar» оқу-тәрбие процесін дамыту жобасы білім беру сапасын бақылау мен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуде маңызды жаңашылдық болып табылады. Жоба аясында Атырау қаласының 64 мектебінде 1 898 кабинетке 2 081 ішкі камера орнатылды. Бұл құрылғылар сабақтарды бақылауға, оқушылардың тәртібін талдауға, оқыту сапасын бағалауға және мектептердегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл жоба мұғалімдер мен оқушылардың өзара қарым-қатынасын жақсартып, әдістемелік қолдауды күшейтуге бағытталған.

«Aman sultan» функционалдық сауаттылықты дамыту платформасы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл платформа 187 мектептен 80 000 оқушыны қамти отырып, білім алушыларға 1 500 интерактивті сабақ пен 2 000 анимациялық ролик ұсынады. Сонымен қатар, платформаның виртуалды зертхана симуляторлары оқушылардың ғылыми-техникалық сауаттылығын арттырып, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұл оқушыларды заманауи еңбек нарығына даярлаудың тиімді тәсілі болмақ.

Бұл жобалардың барлығы өңірдегі білім беру саласының дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдар. Олар білім беру жүйесіне заманауи технологиялар мен озық әдістемелерді енгізу арқылы мектептердің әлеуетін арттырып қана қоймай, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.

Қорытындылай келе, Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар білім беру саласын сапалы өзгерістерге бастайды. Бұл бастамалар өңірлік деңгейден асып, республикадағы білім беру жүйесінің дамуына үлгі болатынына сенімдімін. Жаңа жобаларды іске асыру арқылы біз өскелең ұрпаққа жоғары сапалы білім мен бәсекеге қабілетті дағдыларды беріп, елдің болашағын жарқын етуге қадам басамыз.

Дина СТАМҒАЛИ,

облыстық білім беру басқармасының бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT