Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Байқоңыр қаласының білім беру ұйымдарына барып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысымен танысты. Мұнда педагогикалық қоғамдастықпен де кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауыл мектептері үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың жобасы дайындалуда. Болашақта ауылдық мектептер қазақстандық білім берудің драйвері болуы тиіс», - деп атап өтті онда Ғани Бейсембаев.
Байқоңыр қаласында барлығы бес мектеп бар, онда 574 педагог жұмыс істейді және 5410 оқушы білім алады.
Қазалы ауданының 600-ге жуық оқушысы мен колледж студенттері ашық диалог алаңында білім беруді дамыту бойынша өз идеяларымен бөлісті. Министрге түлектердің емтихан тапсыруы, ауыл мектептерін дамыту және болашақ педагогтерді қолдау туралы сұрақтар қойды.
Еске салсақ, «Алтын белгі» үміткерлері биылдан бастап емтиханды өз мектептерінде тапсыратын болады. Сонымен қатар, биыл колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға, келесі жылы 100%-ға көтеріледі. Тағы бір жетістік – дуалды оқыту аясында енді колледж студенттерінің практикадан өту кезі еңбек өтіліне есептеледі.
Қазалы ауданының екі колледжінде 900 студент оқиды. 800 мектеп түлегінің 56-сы «Алтын белгі» үміткері.