Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. «Ақыл – тозбас киім, білім – сарқылмас бұлақ» деген халықтың даналық сөзінен білімнің мәнін байқауға болады. Еліміз қарқын алып, дамыған сайын білімге де үлкен талап қоюда. Соған қарай ұрпақтарымыз білімді, саналы, бәсекеге қабілетті болуға тиіс.
Болашағынан үміт күттіретін дарынды балалар біздің ауданымызда да жетерлік. Солардың бірі – Б.Қанатбаев атындағы орта мектептің 2 «е» сыныбында оқитын Алмаз Эдуард. Математикалық есептерді шығарудан қатарының алды болған ол, шахмат үйірмесіне де қатысады. Сонымен қатар ағылшын тілін үйренгенді жақсы көреді. «Балам балабақшадан жүргенде-ақ сандарды танып, есептерді шығара алатын болды. Өз бетімен үйде отырып есеп шығара беретін. Сондықтан бірден бірінші сыныпқа және менталды арифметика үйірмесіне беруді жөн санадық. Алғашқы сайыстарынан жақсы нәтиже көрсеткесін өзінің қызығушылығы одан сайын арта түсті», - дейді баланың анасы Гүлжан Бисаханова.
Алмаз осы жасының өзінде 1 сынып оқушыларының білімін тексеру мақсатында өткізілген халықаралық интеллектуалды математика олимпиадасынан 2 орын, Ақтөбе қаласында өткен менталды арифметикадан республикалық олимпиададан 3 орын, Алматы қаласында өткен 200-ге жуық елден қатысушылар келген менталды арифметикадан халықаралық олимпиададан 1 орын және Атырау қаласында өткен менталды арифметикадан республикалық олимпиададан 2 орынды жеңіп алған.
Сондай-ақ білімде, өнерде, спортта жетістікке жеткен басқа да балалармен бірге Доссор кенті әкімінің алғыс хатымен марапатталған.
Вундеркинд бала бүгінгі күні қараша айында Ақтөбе қаласында өтетін халықаралық олимпиадаға дайындық үстінде.
Біз де алар асуы көп Алмазға талабыңа нұр жаусын дейміз!
А.Есжан