ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ӘЛЕМ

(0 Votes)

 Бала – мемлекеттің басты байлығы. Елімізде өмірге келген әрбір баланың денсаулығы, білім алуы, қолайлы ортада өмір сүруі мемлекет назарынан тыс қалған емес.

Өйткені мына ұлан-байтақ далаға ие болатын, келешектің тұтқасын ұстайтын бүгінгі жас ұрпақ болмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Көкшенің төрінде өткен құрылтайда да «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарламақабылдау қажет екендігін ай- тып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралардың қабылданғандығын тілге тиек еткен болатын.

“Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық”,-деді Президент.

Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады. Бала атаулы қашанда ерекше қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж екенін ескерсек, бұл заң жүзінде реттеліп, бекітілуі тиіс. Ал «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» заңға сәйкес тегіне, нәсіліне және ұлтына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге деген көзқарасына және тұрғылықты мекен жайына қарамастан барлық баланың құқығы тең. Яғни бала құқығының қорғалуы аса маңызды жауапты іс. Өйткені өскелең ұрпақ өз құқығын жете біліп, демократиялы тең құқықты мемлекетте өмір сүріп жатқандығын толықтай сезінуі тиіс.

Ана мен бала қауіпсіздігі қашан да маңызды. Отбасындағы жағдайлар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегетіндер ана мен бала екендігі баршаға мәлім. Сондықтан елімізде әйел мен бала құқығының қорғалуы жылдан жылға қатаңдап келеді. Мәселен, өткен жылғы құрылтайда әйел мен бала құқығына байланысты бірқатар шешімдер қабылданып, заң жүйесіне жаңа заңнамалар енгізілген болатын. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін әкімшілік құқық бұзушылық негізінде емес, қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылуы басшылыққа алынған болатын. Яғни заң жүйесі қатаймай, тәртіптің де қалыптаспайтыны белгілі болғаннан кейін, заңға жаңа жүйелер енгізілді. Бұл өз кезегінде ана мен баланың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іске асқан ауқымды заң жүйесінің бірі әрі бірегейі еді.

Ал ауданымызда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы, әйел мен бала құқығын қорғауға байланысты шаралар бірізді жүргізілуде. Бала құқығының қорғалуы, суицидтің алдын алу үшін жанұя жанжалының алдын алу маңызды екендігі баршаға мәлім. Сондықтан аудандық полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтан қорғау тобы жанұя жанжалына байланысты келіп түскен әрбір шағымға қырағылықпен қарап, кезегін күттірмей жедел жұмыс жасауда.

«Ауданымызға биылғы 2025 жылдың ішінде келіп түскен арыз-шағымдар бойынша тиісті шаралар қолданылды. Отбасында туындаған жанжалдың кесірінен көбіне әйел мен бала жапа шегіп жатады. Сондықтан заңға сәйкес ана мен баланың құқығын қорғау, оларға төніп тұрған қауіптің алдын алу біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты болып табылады» ,-дейді аудандық полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерге қатысты зорлық- зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Кәмшат Серікбаева.

Сондай-ақ кез келген бала зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқандығын сезініп, өзінің құқығын білу керектігін ескерте отырып, жауапты мамандар ауданға қарасты білім беру ұйымдарын аралап , балаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Бұл өз кезегінде балалардың өз құқығын біліп, еркін өсіп, зорлық-зомбылықсыз қоғам құруға негіз болмақ.

Сонымен бірге әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мақсатында ақпараттық-анықтамалық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі «111» байланыс орталығы туралы нормалар да бекітіліп, зорлық-зомбылыққа ұшыраған кез келген көмек көрсетілуде.

Бала – біздің болашағымыз, тәуелсіз еліміздің ертеңі. Сондықтан балаларға физикалық, моралдық , эмоционалдық жағынан күш көрсетуге ешкімнің хақысы жоқ. Сол себепті көзіміздің ағы мен қарасы болған балалардың өз құқығын білуі үшін олардың құқықтық сауатын арттырып, заң жүйесінде қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек! Ал бұл өз кезегіне Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан атаулы бағдарламалардың негізінде орындалмақ.

Ж.Нұрбегісқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT