Өткен аптаның қасиетті жұма күні облыстың жаңадан тағайындалған бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы аудан жұртшылығымен кездесті.
Жиынға аудан әкімі Ш.Кейкин, ауданның ардагерлері мен белсенді жастары, кент тұрғындары қатысты.
Көпшілікпен кездесу барысында А.Ұтысханұлы өзінің еңбек жолына қысқаша тоқталып өтті. ҚМДБ-да он жылға жуық түрлі бөлімдерде қызмет атқарған жаңа бас имамның туып өскен жері Шығыс Қазақстанның Тарбағатай аймағы екен. Елді мекеннің имамы қызметінен бастап түрлі сатылардан өткен ол бүгінде облыста бас имам қызметінде.
Талқыға түскен тақырыптың көшін өлкеміздегі діни ахуал жайы бастады. Жеткен жетістіктер мен толғандыратын мәселелерге тоқталған бас имам алға қойған мақсаттардан да айналып өтпеді.
Болмысымыздың азғындалуынан небір көтерілістер, небір болмашы нәрсе үшін реніштер пайда болып жатады. Шынымен де, біз қазақ халқы осындай ма едік? Кешегі рухты батырларымыздың шығуының астарында имандылықтың жатқанын, олардың бойларында отаншылдықтың жатқанын аңғару қиын емес. Сол озық қасиеттердің қайта оралуы үшін бірқатар жұмыстар жасалып жатқанын айтып өткен бас имам "7 Рухани Қазық" тақырыбындағы республикалық форум барысында арнайы тұғырнама жазылғанын алға тартты.
Тұғырнамада мұсылманның тұла бойынан табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипат қамтылған. Тек осыларды бойымызда қайта жаңғыртсақ, саяси ойындарға дінді желеу етіп құрбандық іздеп жүргендердің құрығынан құтылатынымыз анық.
Материалды толығымен газетіміздің кезекті санынан оқи аласыздар.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордікі