Бейсенбіде Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінде республикалық "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн" акциясы аясында Аналар кеңесінің жиналысы өтті.
Жиынға Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімі Қонсалы Тулеуов, аудандық мешіттің бас имамы Біләл Сағындықов және полиция бөлімінің аға инспекторы Кәмшат Серікбаева қатысып, оқушы қыздар мен ақ жаулықты аналардың арасында еркін бағытта әңгіме өрбіді.
Алғаш болып сөз алған Қ.Тулеуов бұған дейін де күн тәртібінен түспейтін бұл мәселенің өзектілігіне тоқталып, зорлық-зомбылық бойынша әйел адамдардан облыс көлемінде 600-дей арыз түскенін ашына айтты.
Тағылымды әңгімелерін тарихи шежіремен сабақтаған Біләл Сүнетқожаұлы қыз балалардың өмірі туралы баяндап берді. Ислам діні орнауымен ғана қыз балалардың қадірі артып, "Жәннат - ананың табанының астында" деген бір ғана хадистен аналарымыздың дәрежесінің қаншалықты жоғарылағанын байқау қиын емес. Ең ауыр күнәлердің алдын алудың басты құралы ол жүректе ақірет күніне сенетін иманның болуы деді имам.
Әйелдердің арасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы одан әрі ақжаулықты Сәния әжеміздің әңгімесімен өрбіді. Рамазан келсе, Тарауих намазынан қалмайтын әжеміз алдымен арнайы уақытын бөліп келген имамға алғысын айтып, мұндай жиындардың маңызы зор екендігін атап көрсетті. "Ұлыңды басқа үйден тойдырма, Қызыңды басқа үйге қондырма" деп білетін елміз ғой, айналайындар, тәртіпті болыңдар, сабақтарыңды жақсы оқыңдар деп тілеулестігін білдірген әжемізге оқушылар да дән риза болды.
Қыз бала ұлттың - ары мен намысы, сондықтан қыз бала намысты, сыйлы әрі мәртебелі болу керек деді жиынды жүргізіп отырған Бәйгетөбе округі бойынша Аналар кеңесінің төрайымы Бақтыгүл Тиышбаева. Сонымен қатар еліктеушіліктің салдарынан әлеуметтік желілерде жалаңаштанып суретке түсушілерді де тыңдаған құлаққа сабақ болсын деп сынның астына алды.
Жасөспірімдер жөніндегі мектеп инспекторы Кәмшат Серікбаева заң аясында түсінік беріп, жыл басында жасақталған жоспар бойынша әрекет етіп жатқандарын жеткізді
Бұрынырақта "Қыздан ар кетсе , ұлттан қуат кетеді" дегенді естуші едік.
Қыздарын қырық үйден тыя білген қазақ халқының кешегі тектілігі бүгінгі күннен табылса деген тілек біздікі.
Материалды толығымен газетіміздің кезекті санынан оқи аласыздар.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордікі