«Жауға оқпен жауап бересің...»

(0 Votes)

Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі – Ауған соғысы. 1978 жылы Ауғанстанда басталған төңкерістің арты аяқталмас соғысқа айналып, қаншама тағдырды жалмап, қаншама адамға қайғы-қасірет әкелді. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуыменде ұзаққа созылды. 1979 жылы желтоқсанда КСРО әскерлері ауған жеріне енгізілді. Ауғанстан жерінде болған ұрысқа 22000 қазақстандық қатысқан болатын. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған сардарлар мен сарбаздар ерлігі қашанда ел есінде. Оларға көрсетілер құрмет те ерекше.

Соның бірі – аудан тұрғыны Саламат Сәтібергенұлы. Кейіпкеріміз сұрапыл соғыс жылдарында Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында Кабул қаласында автокөлік ротасында жүргізуші болып әскери борышын өтеген. Қазір аудандық электр жүйесінде еңбек етеді.

Саламат Сәтібергенұлы 1967 жылы 1 желтоқсанда Доссор кентінде дүниеге келген. 1985 жылы О.Сарғұнанов атындағы орта мектепті бітірген ол алғашқы еңбек жолын аталмыш мектепте баскетбол жаттықтырушысы болып бастайды. Сол кездегі 19 жасар әскерге шақырылған бозбала бастапқыда Ауғанстандағы ұрысқа бара жатқанынан бейхабар еді.

«КСРО Қарулы Күштері қатарына 1986 жылы 18 сәуір күні Мақат аудандық әскери комиссариатына шақырылдым. Комиссариаттан 4 жігіт болып армия қатарына аттандық. Алғашқыда Ақтөбе қаласында үш күндік дайындықтан өтіп, кейін атыраулық 80 солдат-жүргізушіні бөліп алып, Самарқанд қаласына әскери бөлімге үш айлық алғашқы оқу-дайындыққа жіберді. Сол кезде ғана бізге Ауғанстанға баратынымызды хабарлады. Оған дейін біз ештеңе білмедік», - дейді соғыс ардагері.

Ауған соғысы – аса құпия соғыс болғаны рас. Сол кезде бұл соғысқа қатысқан жауынгерлер мұны өздерінің интернационалдық борышы санап, ажалмен талай рет бетпе-бет келді. Сондықтан, ауған соғысының жауынгерлері – бүгінгі күннің нағыз батырлары.

Саламат ардагер сұрапыл жылдардағы кезеңдерін еске алып, өзі секілді жүргізушілердің көбі опат болғандығын айтады.

«1986 жылдың маусымынан 1988 жылға дейін Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында Кабул қаласында автокөлік ротасында жүргізуші болып қызмет атқардым. Соғыс жүріп жатты. Сол соғыста ауыр жүктерді Термезден Кабулға және тағы басқа қалаларға жеткізіп отырдық. Осының бәрі қиын-қыстау таулы, қыратты өңір жағдайында, душмандардың шабуылы төніп тұрғанда миналаған жолдарда іске асты.

Ауған соғысында жүргізушілер көп опат болды. Ұрыс операцияларында рөлді автоматқа ауыстырып, тұтқиылдан тап берген жаумен атысуға дайын болуға тура келді. Оқтар тастарға тиіп жаңғырып жататын. Кабиналарды тесіп өтеді. Реактивті гранаталар ұшып келіп, жаныңа гүрс етіп жарылады. Шақырайған күн жанарыңды жасытқанда, одан көлегейленіп, жауға оқпен жауап бересің...», - дейді оқ пен оттың арасында болған ардагер жауынгер.

Бейбіт күннің қадірін білетін батырымыз бұл қанды соғыстың әсері денсаулығына қатты әсер еткендігін айтады. Себебі, әскер қатарында жүріп, дұрыс тамақтанбағандықтан асқазаны сыр беріп, ота жасалған.

Айта кетейік, кейіпкеріміз «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл», «Интернационалист-жауынгерге Ауғанстан халқынан алғыс», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15 және 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

Сөз соңында кейіпкеріміз Саламат Оралбаев еліміздің болашақ қорғандарын Отансүйгіштікке шақырды.

«Аға буын ауған ардагерлерінің батыл істері мен батыр ерліктері жастарымыздың бойындағы патриоттық сезімдерін жоғарлатып, Отанына деген намысшылдығын, сүйіспеншілігін арттырса деймін», - деді Саламат ардагер.

Иә, кешегі жүректе өтпестей ізін қалдырған ауыр да азапты жылдар – бүгінгі тарих. Ауыр аманат арқалап, сол сұрапыл соғыста батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жауынгерлеріміздің ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі өнеге. Сондықтан, олардың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.

Ә.ҚАСЫМ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT