Мақаттық Ауған ардагерлеріне құрмет көрсетілді

(0 Votes)

 «От кешсе де өлмеген өр рухтар» тақырыбында аудандық мәдениет үйінде биыл Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 34 жыл толуына орай жергілікті жауынгерлерге арналған кеш өтті. 

Шара барысы алдымен Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Одан кейін сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин 1979-1989 жылдары қанды шайқасқа қатысып, батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жауынгерлерді аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында Серік Төлесұлы, Әлімжан Аманжанұлы, Қуаныш Ұзақұлы, Түгелбай Темірбайұлы, Қуандық Сұлтанұлы, Аманжол Қадыршеұлы, Есмұрат Есенұлы, Онғарбай Досымұлы, Талғат Қапанұлы, Саламат Сәтібергенұлы, Михаил Геннадьевич, Сағидолла Сабырұлы, Серікқали Нұроллаұлы, Генжебай Әжібайұлы, Қайрат Капусұлы, Руслан Қалиұлы, Жолдасқали Өтесінұлы, Қалыбек Садықұлы, Серікбай Аманұлы болды.

Сонымен қатар, өз кезегінде аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы, подполковник Ертуған Қасымжанұлы ержүрек жауынгер жандарды әрқашан құрметтеу керектігін айтып, бұл соғыс тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қалатындығын жеткізді. Ал ауған соғысының ардагері Онғарбай Досымұлы соғыс жылдарын бір сәт еске алып, келешек жастарды отансүйгіштікке шақырды.

Шара барысында Атырау қаласынан келген 55/46 әскери бөлімінің басқарма офицері, аға лейтенант Бауыржан Ибрагимжанұлы болашақ Отан қорғаушыларды Петропавл қаласындағы әскери оқу орталығына шақырып, жастарға оқу жөнінде бағыт-бағдар берді. Кеш аудан өнерпаздарының патриоттық тақырыптағы концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Думан Құрмашев «Черный тюлпан», Асылай Жұбанышқалиева «Талас», Азамат Елубаев «Ауылға барам», Мереке Тілеуқұлова «Желдірме», Ақболат Отаубаев «Ескі ауыл», Мейрамбек Құрманғазиев «Ауғаннан хат» әндерін орындаса, «Еркем-ай» үлгілі би тобы «Қазақ» биін және жеке орындауда Ақжүніс Жылқыбай мен Арайлым Асланқызы «Айжан қыз» биін мың бұрала биледі. «Мәңгілік ел» әнімен өнерпаздар кешті қорытындыланды.

Айта кетейік, Ауғанстан жерінде болған ұрысқа 22000 қазақстандық қатысып, оның 701 жауынгері қаза болса, 484 адам елге мүгедек болып оралып, 20 жауынгер хабарсыз кеткен болатын. Ал ауданнан 33 азамат Ауған жерінде жауынгерлік борыштарын өтеді. Олардың біреуі елге жетпей, қаза тапқан еді.

Кешегі күн – бүгінгі тарих. Сонау сұрапыл шайқасқа қатысқан қаһарман ардегерлеріміздің ерлігі бүгінгі жастарға үлгі болып, мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз. Себебі, ерлік ешқашан ұмытылмайды.

Ә.ҚАСЫМ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT