Атырауда 23 қарашада сағат 08:00-де алғаш рет әкелер мен мектеп жасындағы ұлдарға арналған жүгіру марафоны ұйымдастырылады. “Ұрпағыңмен мың жаса!” жобасы аясындағы іс-шара отбасы құндылықтарын дәріптеуді, салауатты өмір салтын насихаттауды және әке мен бала арасындағы байланысты нығайтуды мақсат етеді.
Марафон аясында 250 әке-бала жұбы, яғни жалпы 500 қатысушы жарыс жолына шығады. Ұлдардың жас шамасы — 7 мен 17 жас аралығы. Әр қатысушы өз жас санатына сай жеке қашықтықты бағындырады: әкелер — 5 км, ал ұлдар 3 км қашықтықты жүгіретін болады.
Тіркеу тәртібі екі кезеңнен тұрады:
- Алдын ала тіркеу
• Онлайн: арнайы дайындалған Google Form арқылы
• Офлайн: мектептер мен ұйымдастыру бекеттерінде - Негізгі тіркеу
Марафон басталардан 2 күн бұрын белгіленген тіркеу пунктінде жүргізіледі. Қатысушылар жеке куәлігі немесе оқушы куәлігімен тіркеледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спорттық шара өңірде отбасылық спорт мәдениетін дамытуға ерекше серпін бермек. Марафон барлық талапқа сай ұйымдастырылып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды көздейді.
Марафонның жалпы жүлде қоры — 600 мың теңге. Жеңімпаздар медальдармен, ақшалай сыймен марапатталады. Барлық қатысушыға медаль, сертификат және ынталандыру сыйлығы беріледі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА


