Он саусағынан өнер тамған Ақкүлаш

(0 Votes)

Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Бұл өнер – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің ажырамас маңызды бөлігі. Қолөнермен ата-бабаларымыз сонау көне дәуірден айналыса бастаған. Шеберлер ұлттық қолөнерлер бұйымдарын жасау арқылы елдің этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Бұл күні жүйке жүйесі ұсақ іске шыдамды, керісінше сол істен шабыт алатын, он саусағынан өнер тамған шеберлеріміз жетерлік. Олар көбіне қоғамнан тысқары, саяқ жүреді. Жақында сондай шебер қолдың иесін кезіктірген болатынбыз. Ол жерлесіміз – Ақкүләш Рысқалиқызы. 

Ауданға қарасты №402 разъезд, ел ауызында ПМС аталып кеткен елді мекенде тұратын Ақкүләш Көшкенова біраз жылдан бері қолөнермен айналысып келеді. Ол гипстен әртүрлі мүсіндерді ерекше ықыласпен жасайды. Оның қолөнерге деген сүйіспеншілігі бала кезінен басталса да, бұл өнерге зейнет жасына қалғаннан кейін ден қойғандығын айтады. Алайда, жұрт оны темір жол саласына еңбегі сіңген жан ретінде жақсы таниды.

«17 жасымнан бастап, темір жол саласында теміржолшы болып қызмет атқардым. Күннің ыстығына, қыстың суығына қарамастан ер адамдармен бірге жұмыс жасадым. Жалпы, темір жол саласы – асқан төзім мен шыдамдылықты қажет ететін сала. Сол секілді қол өнермен шұғылдану да шеберлікпен қатар, төзімділікті талап етеді. Бала күнімнен бір нәрсені көрсем, соны жасап шығаруға асығатынмын. Зейнетке қалғаннан кейін, мүсін жасап, қолөнермен айналысуға кірістім. Мұндағы мақсатым – қолымнан келген өнерді барымша көрсетіп, қолөнер жұмыстарын насихаттау. Одан бөлек, кезінде тоқыма тоқуды да, тігін тігуді де меңгерген болатынмын. Жас келіп, көздің көруі нашарлаған соң қойдым», - дейді Ақкүләш Көшкенова.

Ақкүләш Рысқалиқызы 1960 жылы мұнайлы өлкеде көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Рысқали мұнай саласында ізі қалған дәнекерлеуші болса, анасы Ақбөпе наубайханада қызмет атқарған. Ол бүгінде жолдасы Әлібек екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана, немере-жиендерінің сүйікті ата-әжесі.

Кейіпкеріміз мүсін жасау қиын әрі күрделі өнер екендігін айтады. Ол бүгінгі ұрпаққа қолөнердің бұл түрін насихаттап қана қоймай, болашақта бұл өнерді дамытқысы келетіндігін жеткізді.

«Болашақта мүсін жасау өнерін дамытсам деймін. Алайда, мұның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Негізінде, мүсін жасау үшін көп құралдар қажет. Яғни, сұйық желім, сұйық май, сабын, сым, крахмал, бояудың әр түрі қажет. Одан бөлек, цемент, гипс, құм қосып жасауға болады. Мұның бәрі біраз уақыт алады. Десе де, өзіме ұнайтын іс болғандықтан еш жалыққан емеспін», - дейді қолөнерші.

Сондай-ақ, шебер кәсібін нәсіпке айналдырмағанын айтады. Яғни, өз қызығушылығы үшін ғана айналысатын көрінеді.

Қиялы жүйрік қолөнерші бұл өнер кез келгеннің қолынан келе бермейтіндігін жеткізді.

«Бір мүсінді жасаудың өзіне көп уақыт кетеді. Оған шыдамдылық керек. Сондай-ақ, оған талантта болуы шарт. Себебі, бұл өнермен кез келген адам айналыса алмайды. Талантты еңбекпен ұштай алсаң, керемет дүние сонда ғана шығады. Айта кетерлігі, мүсіндерімді дайын қалыпқа құйып жасап көрмеппін. Барлығының өлшемін дайындап, өз қолыммен жасаймын. Соның ішінде, ұзын бұрымы бар қазақ қызы, аққу, балалы ана, қарлығаш ұясындағы балапандарын тамақтап жатқан көрінісі, жылқы тағы сол сияқты мүсіндерім сәтті шыққан туындыларым деп ойлаймын», - дейді Ақкүләш шебер.

Бұл жасалған мүсіндер расында шебердің дара қолтаңбасы іспеттес. Зейнет жасына қалса да, қиын да қызық өнерді өрестетуге үлес қосып жүрген жерлесіміз бүгінде көп жастарға үлгі болары анық. Себебі, он саусағынан өнер тамған шеберліктің астарында біз білмейтін қаншама еңбек жатыр.

Ә.ҚАСЫМ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT