Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын біз, аудан ардагерлері, үлкен үміт және зор сеніммен тыңдап, одан кейінгі күні Кеңестің Пленум мүшелерімен толық таныстық. Жолдаудың ерекшелігі – қазіргі нақты ахуалға қарай мемлекеттік дамуды бейімдеу болып отырғаны баршаға аян. Онда Мемлекет басшысы елдік дамудағы барлық бағыттарды түгел қамтып, нақты бағдарды айқындады. Ендігі мәселе - осы айтылғандарды қажетті деңгейде орындау.
Сондықтан да бұл құжат кәсіпорын, мекеме, компания ұжымдарында, үлкен-кіші аудиторияларда кеңінен насихатталып, пысықталып орындалуы тиіс. Бұл Жолдау еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі даму мақсаттары жайында, басым бөлігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналған. Сонымен қатар Жолдау осындай күрделі әрі қиын кезде біздің азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемділігін қамтамасыз етуге және жемқорлықпен күресті күшейтуге міндеттейді.
Кезең-кезеңге бөлінген тараудың әрбіріне жіті тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы ел ішіндегі түйіні тарқатылмай жүрген түйткілдерді қозғап, алдағы күндері оң шешім табатынын мәлімдеді. Және оған біз бен сіз болып атсалысуға шақырып, мұның барлығы өзімізден басталатынын тілге тиек етті.
Жолдауда Президент азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз деп айрықша атап өтті.
Жыл сайын елде жиі реформаға ұшырайтын саланың бірі – білім саласы. Ондағы көрсеткіш биыл айтарлықтай төмендемесе де, бұған пандемия кері әсерін тигізгені сөзсіз. Соның салдарынан білім ошақтары қашықтан оқытуға көшкенін де ұмытпаған жөн. Айта кету керек, қазақстандық мыңдаған жас шетелде білім алады. Олар білімдерін шыңдап, алған тәжірибелерін елде көрсетіп, саяси дамуда үлкен үлестерін қосады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзін еске салды. Әрі еңбекқор, адал, ұқыпты, тиянақты, білімді зияткер ұлт қалыптастыра отырып, бәсекеге қабілетті мемлекет болатынымызды жеткізді.
Жолдауда ең әуелі жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны құп болатыны, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыруға және жастарды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар Президент темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілік әрбіріміздің бойымыздан табылуы қажет қасиет екенін, әділдіктен айнымай, қоғам дамуының маңызды шарты екенін қозғап, бастысы, осы ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет екенін баса айтты.
Мемлекет басшысы «Бізге керегі – адалдық, ұқыптылық және тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз» деді. Егер бұл сөздердің тереңіне үңіліп қарайтын болсақ қазақ жат әдеттерден біртіндеп арылу керектігі қозғалған.
Жасыратыны жоқ, жоғарыда айтып өткен мәселелер - бүгінде қазақ бойынан табылып, кері ықпалын тигізіп, арыла алмай жүрген әдеттер. Егер әрбір елжанды азамат ұлт болмысын қалыптастыру үшін мұның барлығын артқа тастап, жаңа іс-қимыл бастауда оң қадам басатын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана елде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі орнайды.
Осыған орай алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Біз, аудан ардагерлері, қашанда Елбасының сенімді серігі бола білдік, алға қарай да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Жолдауын қолдай отырып, оны жүзеге асыруға және халыққа насихаттауда белсенділік танытып, қоғам алдындағы міндеттерімізді абыроймен атқаратынымызды айтқымыз келеді.
С.Халенов,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы