Кітапхана – оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда.
Бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші, білімнің кәусар бұлағы – кітап екені де белгілі. Кітап – алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті. Осындай рухани орда аудандық балалар кітапханасының коворкинг орталығында кішкентай оқырмандар арасында жылдың ең үздік оқырманын анықтау мақсатында «Үздік оқырман – 2022» бенефисі өткізілді. Оқырмандар бенефисі «Таныстыру», «Оқыған кітабын жарнамалау», «Ақынның шығармаларын табу», «Ұшқыр-ой», «Өнер» секілді бес бөлім бойынша ұйымдастырылды.
Шараға мектеп оқушылары, ата-аналар, кітапхананың тұрақты оқырмандары мен кітапханашылары қатысты. Кітапхананың өнерлі оқырмандары шараны ән-жырмен көркемдеп, өнерлерін көрсетті. Мәселен, №54 балабақшаның мектепалды даярлық тобының оқушылары Айназ Аманқосқызы «Ана тілі», Асылым Асылханқызы және Айжұлдыз Қайратқызы «Отан», Нұрислам Нұрланұлы «Тәуелсіздік», Айару Өтеғали «Республикам менің» атты көркем сөздерін мәнерлеп оқыса, Х.Санбаев атындағы орта мектебінің 4 сынып оқушысы Нұржау Орынғали «Ақсиса» 2 сынып оқушысы Укаша Боранбай «Өнерге ғашық баламын» әндерін орындады.
Кітапхананың ең үздік деген оқырмандары өздерінің кітапханаға тіркелгеннен бастап осы кезге дейін оқыған кітаптары, ең сүйікті шығармалары, кітап оқуға көзқарастары туралы кеңінен әңгімелеп, өзара пікір алысты. Кітапхана қызметкерлері түрлі логикалық сұрақтар мен ойындар ұйымдастырып оқырмандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара қорытындысы бойынша Х.Санбаев атындағы орта мектебінің 4 сынып оқушылары Мерейлім Мейрамбекқызы және Қарақат Ермек «Білімді оқырман», Нұрсая Берікбайқызы «Өнерлі оқырман» номинацияларына ие болды.
Оқырман бенефисін қорытындылаған балалар кітапханасының меңгерушісі Батима Сисенқызы кітапхананың белсенді, тұрақты оқырманы, жыл бойына ең көп кітап оқыған Х.Санбаев атындағы орта мектебінің 4 сынып оқушысы Жасмин Қараманға «Үздік оқырман – 2022» номинациясын табыстады. Барлық қатысушылар алғыс хатпен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
Шара соңында кеш қонақтары кітап көрмелері мен көркемделген оқырман формулярымен танысты.
Б.ӘМІРОВА,
аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі