Жарықтандыру жұмысы жалғасады

(0 Votes)

Дүйсенбі күні аудандық мәслихаттың кезекті XXX сессиясы болып өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Жұмабай Қарағаев, аудандық бөлімдер басшылары қатысты.

Сессияда жылдың алғашқы жартысындағы жергілікті полиция қызметінің атқарған жұмысы туралы жергілікті полиция қызметінің басшысы қызметін атқарушы Б.Әбділдиевтің есебі тыңдалды. 2018 жылғы I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауданда қарақшылық, тонау, зорлық қылмысы тіркелмегендігімен қуантса, ауыр және аса ауыр қылмыстар өскен. Сонымен бірге, алаяқтық та белең алып барады. Ол өткен жылдың осы кезеңінде 6 болса, биыл 9. Пәтер ұрлығы 11-ден 26-ға өскен. 1 ауыр дене жарақатын салу кездесіп отыр.

Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде жасөспірімдер мен отбасы –тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы және адамдар тобы болып жасалынған қылмысқа жол берілген жоқ. Есепті мерзімде профилактикалық есепте тұрғандарға қатысты іс-шараларды атқару кезінде әкімшілік қадағалау ықпалына түсетіндер есебінде тұрған үш азамат өздеріне жүктелген міндеттемелерді қасақана орындамау салдарынан қайта бақылауға алынған. Күн тәртібіне сәйкес кенттер және округ әкімдерінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттері туралы есептері тыңдалды.

-Доссор кентінде шағын бизнесті дамытуда 374 тұрғын жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді. 118 кәсіпкерлік нысан кент тұрғындарына әр түрлі қызмет көрсетуде. Жалпы, кентте көп жылдардан шешімін таппай жүрген өзекті мәселелердің бірі-тұрғын үй мәселесі. Қазіргі таңда кенттегі тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде 342 адам, соның ішінде жеке меншік үйлері апатты танылғандары 81 адамды құрайды. 2009-2018 жылдар аралығында жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін сұраушылар тізімінде 402 жеке тұлға тіркеулі. Аталған жер сұраушылардың өтініштерін қанағаттаныру үшін 2007 жылы жасақталған бас жоспарға сәйкес жеке тұрғын үй салу үшін бөлінген жер учаскелеріне инфрақұрылым жүргізуді қажет етеді.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сәйкес 2018 жылы 11187,0 мың теңге көлемінде бөлінген қаражаттың 7200,0 мың теңгеге «Арсен» ЖК-і М.Өтемісұлы көшесіндегі 16-18 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары үшін демалыс саябағының құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Үнемделген қаражатқа көше атауларын қайта жасақтау жұмыстарына тапсырыс берілді,-деді кент әкімі Ербол Ермағанбетов. Санитарлық тазалық, көгалдандыру жұмыстары барысына тоқталған әкім алдағы жоспарларымен де бөлісті. Жаңадан қызметіне кіріскен Бәйгетөбе ауылдық округі әкімі Дулат Тастаев жасалған жұмыстармен қатар шешімін күткен мәселелерін алға тартты. Кент әкімдері құқық бұзушылықтың алдын алу, жалпы кент келбетін қалыптастыру үшін жарықтандыру жұмыстарының уақыт күттірмейтін шаруа екендігін атап өтті. Мәслихат депутаты Әсима Мендалиева орта және шағын бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстарды ширатып, жаңа нысандарды, оның ішінде халыққа қызмет көрсету нысандары мен дәріханалар ашуға ниетті азаматтарға қолдау таныту мүмкіндігін қарауға ұсыныс берді. Сессия барысында «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы», «Мақат ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы», «Аудан әкімдігінің дербес құрамын бекіту» туралы қаралды. Сессия күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша шешім қабылдады.

Г.ЕСМЫРЗАҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521