Жарасқан жанұя

(0 Votes)

Отбасы қазақ халқы үшін ең қастерлі ұғым. Қоғамды азғындап кетуден сақтап, адамды малдан бөлектеп тұратын да отбасы институты. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» және «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақал-мәтелдер айтқандарымның айғағы іспеттес. Отбасының татулығы еліміздің тыныштығының күретамыры.

Әлем жұртшылығы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы бекітуімен 15 мамыр халықаралық отбасы күні болып аталып өтіледі. Қанша тойласа да артық етпейтін мереке болғандықтан Елбасының Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі Қазақстандағы отбасы күні болып белгіленді. Биылғы жылы ол 12 қыркүйекке сәйкес келеді.

Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: "Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер" дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттік өз басқару жүйесі әртүрлі болады.Осы сияқты әр отбасының өз тактикасы, басқару жүйесі болады. Ұрпақтың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасатыны белгілі. Жанұя – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар – ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуге отбасы – алғашқы қадам. Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол.

Жарасымды жанұяларды насихаттау мақсатында елімізде жылма-жыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналған. Аталған байқаудың осы жылғы аудандық кезеңінде сайысқа түскендердің арасында жапырағы кеңге жайылған жанұялардың бірі - мақаттық Қаржауовтар отбасы.

Шаңырақтың отағасы Шайзада Қаржауов 1953 жылдың 28 сәуірінде Мақат кентінде дүние есігін ашқан. 3 қыз, 5 ұл тәрбиеленген көп балалы отбасында өскен перзент. 20 жасынан аудан орталығындағы техникалық бақылау пунктінде вагон қараушы болып қызмет атқара жүріп 2016 жылы зейнеткерлікке қалған.

Сүйген жары Бибіажар Өтеуова 1956 жылдың 29 мамырында Қызылқоға ауданы Сағыз селосында туған. Ол да 18 жасынан вагон қараушы болып еңбек ете 2016 жылы зейнет демалысына шыққан.

Жұмыстастан жұпқа айналған екі жас 1975 жылдың 28 сәуірінде отау құрады. Алғашқы орналасқан мекемелерінде өмір бойы жұмыс жасап, 46 жылдан бері қол ұстаса өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп келе жатырған Шайзада аға мен Бибіжар апа адалдықтың эталондары іспеттес.

Арадағы махаббаттан 1 ұл, 5 қыз туып, олардан 4 немере және 17 жиен сүйіп отырған ардақты ата мен әже. Бүгінде құда деген құрметті атқа сан мәрте ие болып ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған үбірлі-шүбірлі үлкен әулетке айналды.

Тұла бойды жарып шыққан тұңғыштары Нұргүл Хамза Санбаев атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарып келеді. «Ең үздік бастауыш сынып мұғалімі» деген атағы бар. Жиендері Нұрай көптеген көркемсөз байқауларының, облыстық олимпиаданың жеңімпазы. «Мақат аруы – 2020» сайысының бас жүлде иегері.

Жалғыз ұлдары Нұрлыбек ата-анасының жолын жалғастырып, Мақат техникалық бақылау пунктінде вагон қорғаушы болып жұмыс жасауда. Нұрлыбектің үлкені Әсемгүл теміржол саласында қызмет етіп, еңбек династиясының қалыптасуына себеп болуда.

Ортаншы қыздары Нұрлықыз №2 бастауыш мектебінде еңбек етеді. Одан туған жиендері Аяжан білімімен, Айбар домбырадан, Аружан көркемсөзден жастайынан топтан оза шауып жүргендер.

1984 жылы дүниеге келген Айнұр атты қыздары Сағыз селосындағы балабақшада тәрбиеші бола марапаттар иемденіп жүр. Жоғарыда айтылған балаларының барлығы 4-5 ұл-қыз өсіріп отырған көп балалы ата-аналар.

Үйдің бесінші қызы Самал да Нұргүл апасы секілді Хамза Санбаев атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасайды. Педагогикалық байқаудың жеңімпазы. Жиендері Айдана білім олимпиадаларының жүлдегері.

Шайзада аға мен Бибіажар апаның сүт кенжелері Әсел Мақат аудандық VII шақырылым мәслихат депутаты. 2020 жылдан бастап Мақат аудандық Нұр Отан партиясы филиалының бірінші  орынбасары болып қызмет атқаруда. Білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен және Қ. Тоқаевтің «Алғыс хатымен» мараптталған.

 

Үлкен кісілер зейнетке қалдық екен деп бос жатпай қорадағы тауық, қой, ешкі, сиырды бағумен айналысады. Бибіажар апа құрақ құрап, көрпе тігеді. Қала берді сүт өнімдерінен құрт, ірімшік, сарысу және бринза жасайды.

 

Байқасаңыздар теміржолда тағдырлары тоғысқан кезіндегі екі жастан тараған ұрпақ сан саланың соңында жүріп бірінен-бірі озғандар. Ұлтқа абыройлы қызмет ету де үйдегі тәрбиенің жемісі екендігін осындайдан аңғаруға болады. Махаббатары ескірмей алтын тойға қарай бет алған қос ғашықтың өмір жолы үлкен өмірге аяқ басайын деп тұрған жастарға үлгі етуге тұрарлық.

 

                                                                                    А. Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521